Тәһрират

«Уйғур авази» газеті

«Уйғур авази» республикалық қоғамдық-саяси газеті 1957 жылдан бастап Алматы қаласында шыға бастады (1991 жылға дейін ол «Коммунизм туғи» атымен жарық көрген). Басылым әрқашан да Қазақстан халқының бірлігі мен достығының нығаюына өз үлесін қосып келеді. Қоғамдық ұйымдар мен жеке басылымдар көбейген бүгінгі таңда да қазақстандық ұйғырлардың қоғамдық ой-пікірінің қалыптасуында газеттің рөлі ерекше.

Өткен жылдарда «Уйғур авази» газеті бірнеше рет республикалық конкурстардық жеңімпазы атанды. Кезінде, Қазақстан ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған газеттің соңғы жылдарда ғана Қазақстан Журналистер одағының Кемел Тоқаев атындағы жүлдесінің иегері болғандығын (2001 ж.), Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының ең жоғары жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» жүлдесін жеңіп алғандығын (2005 ж.). Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Азаматтық, Бейбітшілік және ұлтаралық келісім мәселелері бойынша ең үздік мақалалар» конкурсында жеңімпаз атанғанын (2005 ж.) айта кеткен жөн.

Қазіргі кезде редакцияда талантты журналистер заман талабына сай қызмет атқарып келеді. Олардың ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», Журналистер одағы және Жазушылар одағы сыйлықтарының лауреаттары, Алматы облысы Панфилов, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарының құрметті азаматтары бар. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлер Қазақстан халқы Ассамблеясының, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы әкімінің «Құрмет» грамоталары және дипломдарымен марапатталған.

Жалпы «Уйғур авази» газеті республика тынысымен бірге дем алып, бұқара назарын өзіне қаратқан басылымдардың бірі. Ұйғыр оқырмандары ресми материалдармен, сондай-ақ, шетел жаңалықтарымен осы газет арқылы танысады. Сондықтан да, оның әрбір нөмірін көпшілік аса қызығушылықпен күтеді. Бүгінгі таңда оның таралымы 15 мыңға жуық. Бұл еліміздегі басқа ұлттық басылымдар арасында ең жоғары көрсеткіш.

Газетті әр жылдарда Махамет Азизов, Ахметжан Маметов, Абдулла Машуров, Турдахун Назаров, Юлдаш Азаматов сияқты журналистика саласының майталмандары басқарған. 

2012 жылдың шілде айынан бастап ол Мұхтаржан Жұмаровтың жетекшілігінде жарық көріп келеді.