- Шаңырақ
- 12 Сәуір, 2024
Жастар белсенділік танытуда
Тұшықұдық ауылының шығыс жақ бетінде Комплекс атты шағын қоныс бар. Осы ауылдың үстінен бүгіндері Жайық өзенінен бастау алатын Бақсай каналының бір өзекшесі ағып жатыр. Ортада екі ауылды айырып тұрған жаяу жүргінші және теміржол көпірлері бар.
Канал сумен көктемде және күзде екі рет толтырылады. Қазірде каналға Жайық өзенінен мол су келуде. Егерде жоғарыдан осы өзекке су көп келетін болса, онда өр суы каналға жақын салынған тұрғын үйлерге қауіп төндіруі мүмкін. Оның үстіне биыл Жайық өзені көтерілуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Осыған байланысты күні бүгін жоғарыда аталған екі көше мен орталық көшенің ауыл жастары өр суынан қорғану үшін тайлы-таяғы қалмай үш-төрт күннен бері бел шешпестен белсенділікпен канал жағасын бекіту бағытында қызу жұмыстар жүргізуде. Мысалы, бергі беттегі А.Смағұлов көшесінде ауылдың ерікті жастары кешке дейін бес мың қап топырақ дайындаса, С.Нұрманов көшесіндегі шағын ауыл тұрғындары да олардан қалыспай, үш мыңның үстінде қап құм дайындап, каналдың төрт-бес шақырымдық екі жағалауын су өтпестей бекіту жұмыстарын жүргізді. Осы істің басы-қасында жүріп, жастарға бағыт-бағдар беруші С.Нұрманов көшесінің тұрғыны Нұрлыбек Садиховтан жұмыс барысын сұраған едік.
— «Су — тілсіз жау» дегендей, бұл да жаратушы иеміздің сынағы болар. Қазіргі ахуалға байланысты ауылдың үлкені де, кішісі де бірігіп, өзектің жағасын бекітуге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Қосымша техника да бар. Шамамен 100 метр жерге 500 қапшық керек етеді. Ал өзектің ұзындығы екі жағын есептей келгенде төрт шақырым болады. Міне, күні-түні осы жұмысқа жұмылып жатқан жастардың еңбегі ұшан-теңіз. Ендеше, барлық еліміз бірлікте болып, осындай сын сәтте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарғанымыз абзал, — дейді ол. Сондай-ақ ол жұмысқа округ әкімшілігі тарапынан техникалар да жұмылдырылып жатқанын айта кетті. Бұл жұмыстар алдағы күндері де жалғасын табады. Осылайша, ауылдың барша тұрғындары мен жастары өр суынан қорғану үшін біркісідей ұйымшылдықпен белсенділік танытуда.
Аяпберген САЛИХОВ.
Атырау облысы
603 рет
көрсетілді0
пікір