- Шаңырақ
- 01 Тамыз, 2024
Дайындық қалай?

Минәмжан АСИМОВ,
«Uiğur avazi»
Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына бір айдан астам уақыт қалды. Еске сала кетейік, күзде елордада бірнеше этникалық спорт түрлерінен сайыстар өткізілетіні туралы бұрын да жазғанбыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 8—13 қыркүйек аралығында еліміз үшін маңызы зор дүбірлі доданы өте жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырған болатын. Одан кейін де ел Үкіметі маңызды іс-шараны өткізу барысын талқылаған. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы көшпенділер ойындарына үлкен қолдау көрсетеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен алынған мәліметтер бойынша, бұл сайыс түрлеріне қатысу үшін 89 елден екі мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілtді. Жарыс қазақ күресі, көкпар, құсбегілік, асық ату, аударыспақ, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлерінен және жалпы 21 спорт түрінен өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін спортшылар 97 медаль жиынтығына таласады.
Ауқымды іс-шараның жалпы жүлде қоры 253 миллион теңгені құрайды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұровтың мәлімдеуінше, жеке спортшыларға қарағанда ат спорты түрлеріне берілетін жүлде қоры едәуір көп.
«Бәйге жеңімпазына 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жарыстарына 3 млн теңгеден, аламан бәйгеде 5 млн. теңгеден беріледі», — деді ол.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында елімізде алғаш рет «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді. Бәйге 5 мың жылдан астам бұрын адам баласы жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінде 3 қыркүйекте басталып, 7 қыркүйекте Астанада аяқталады. 500 шақырымдық жарысқа қатысу үшін Түркия, Қырғызстан, Мажарстан, Иран, Ресей және Оңтүстік Африка республикасы сияқты оннан астам елдің шабандоздары жарысқа түседі. Кабардин-Балқар Республикасының «АМД Кавказ» Ат спорты клубының негізін қалаушы Ахъед Махов Қазақстанда өтетін ат жарысына қатысуға шақырту алғанын, оған өз елінің құрамасы қызу дайындалып жатқанын жеткізді.
«Марафон-бәйгенің бүкіл адамзат үшін киелі мекен саналатын Ботай қонысынан басталуы ерекше маңызды. Біздің команда аңыздар мен тарихи жәдігерлерге толы Ботай жеріне баруға ерекше ынталы. Олай болса, күт бізді, Қазақстан!» — деді Кавказ шабандоздарының өкілі.
Ал көрші қырғыз елінің Ат спорты федерациясының вице-президенті Манас Сұлтанов «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне шақыруды қабылдау үлкен мәртебе екенін айтты. Жорыққа қатысып, жүлделі орын алуға мүдделі айыр қалпақты ағайындар «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды» іріктеу мақсатында көпкүндік ат спорты марафонын өткізді. Қырғыз шабандоздары біздің құраманың басты қарсыласы екендігін естен шығармаған жөн.
«Қазақстанда өтетін көпкүндік ат жарысына дайындық аясында 300 шақырымдық қашықтыққа «Кочмондор журушу» іріктеу марафоны өтті. Барлық командаға сәттілік тілеймін және жеңімпаздардың көп болуын қалаймын. Ең төзімді және жылдам сәйгүліктер жеңіске жетіп, тұғырдан көрінетініне сенімдімін», — деді М.Сұлтанов.
Жарыс қортындысы бойынша жылқының ең жүйрік және төзімді тұқымы, арғымақтың асылы анықталатын болады. Жорық жеңімпаздары V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев те Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін командалар басты қарсыластар екенін мойындап отыр. Себебі 2018 жылы өз елінде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қырғыздар 40 алтын, 32 күміс және 31 қола алып, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасын екінші орында қалдырған болатын. Бірақ біздің жігіттер де осал емес. Тартысты бәсекеге дайындықты күшейткен спортшыларымыздың да тәжірибесі мол. Қазіргі таңда көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқаны туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады. Бас бапкер А.Манкеевтің айтуынша, осы оқу-жаттығу жиыны аясында қыркүйекте өтетін ойындарға қатысатын жылқылар дайындалып жатыр. Барлығы 40 жылқының ішінен мықтылары іріктеліп алынады. Команда дайындығы қазір жақсы деңгейде, — деп сендірді ол.
«Екі айдан бері V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді дайындалып жатырмыз. Еліміздің намысын абыроймен қорғаймыз деп үміттенеміз. Осындай маңызды спорттық жарыстың елімізде өтіп жатқаны бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірінші оқу-жаттығу жиынында күш-қайратымызға баса мән берсек, енді жылқыларды дайындап жатырмыз», — деді көкпардан ұлттық құрама мүшесі Әділет Мамыт. Қырғызстанда өткен көшпенділер ойындарында жартылай финалда Өзбекстан құрамасына есе жіберген көкпаршыларымыз қазірден сәйгүліктерін сайлап, бұл қателіктің орнын толтыратынына үміт артамыз.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі басты ұйымдастырушы ретінде көшпелілер мәдениетінің мыңдаған жылдық тарихы бар Қазақстанда спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп, халқымыздың отансүйгіштігі мен қонақжайлылығын көрсететіні анық. Бұл ойынның тағы бір ұтымды жағы — әлемдік ірі ақпарат құралдары өкілдерінің келуі арқылы еліміздің халықаралық деңгейі артады және отандық туризмді дамытуға едәуір үлес қосады.

801 рет
көрсетілді0
пікір