- Шаңырақ
- 01 Тамыз, 2024
Автобаза жүргізушілері бас қосты

Жаз айының жайма-шуақ күндерінің бірінде ұйымдастырылған жылы жүздесулердің бірі – бұрынғы Шонжы жүк тасымалдау автотранспорт мекемесі жүргізушілерінің кездесуі болды. Арада 30 жылдай уақыт өткен соң кездескен жүргізушілердің сағынысып қалғаны өңдерінен бірден байқалып тұрды. Кезінде бір мекемеде істеген кісілер жылы жүзді, ыстық ықыласпен бір-бірімен құшақтасып, қал-жағдайларын сұрасып жатты. Қонағын құдайындай күтетін қос ұлттың өкілдері алыс-жақыннан жиналған жүргізушілерді қошемет көрсетіп, керней үнімен қарсы алса, ал енді ұжымның еңбек ардагерлерін бүгінгі жас жұбайлардың көше аралап қыдыратын «лимузин» автокөлігімен үйлерінен алып келуінің өзі оларға деген үлкен құрметі болса керек деп көңілге түйдік.
Жүздесу барысында өмірден озған әріптестерінің рухына Аркин аға Ташметов Құран бағыштады. Содан соң 1 минуттық үнсіздікпен марқұмдарды еске алды. Ұйымдастырушылар бүгінгі күні жасы тоқсанның төріне шығып, басқосуға келе алмаған ардагер әріптестерінің үйіне арнайы барып, кездесудің сый-құрметі ретінде басына тақия кигізіп, бейнебаян арқылы олардың сөздерін жазып алған екен. Жиналған қауым кафе төріндегі экран арқылы олардың жылы лебіздерін тыңдады.
Мол дастарқан басына жиналғандар өткен күндерін еске алып, көтеріңкі көңіл күйде отырды. Осындай басқосудың жоғары дәрежеде өткізілуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, қарттар бата берді. Алыс-жақыннан келген қонақтардың қуанышында шек болған жоқ. Үлкен-кішінің бәрі дерлік әуезді әнін айтып, биін билеп, жан сергітті.
Жалпы, адамның қадір-қасиеті, халық арасында беделге ие болуы тек еңбекке байланысты. Арада 30 жыл өткен соң бүгінгі кездесуге келіп отырған азаматтар кешегі кеңес өкіметі тұсында саналы ғұмырын тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне үлес қосқан алдыңғы буын өкілдерінің еселі еңбегі ешқашан да ескерусіз қалған емес. Себебі тәжірибесі мол ағалардың өмір жолы — біз үшін аса құнды дүние. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен халқына адал қызмет етуге жұмсаған олар сабырлылық, қарапайымдық, мейірімділік пен еңбексүйгіштік, Отанға, отбасыға деген адалдықтың үлгісі бола білді. Сондықтан xалқымызда ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, олардың өз ара үйлесіміне ерекше мән берген.
Кездесуге белгілі себептермен қатыса алмай отырған аталмыш мекеме ардагерлерінің алды бүгінгі күні тоқсанның төріне шығып отырған ауылдың ардақты ақсақалдары және аталары. Бұл жүздесудің ерекше есте қалғаны — өмірдің талай асуларынан өткен аға буын өкілдері кезінде, жастық шағында, күндіз-түні, алыс-жақын демей, қысы-жазы рульде бел жазбай отырды. Ұйғыр ауданының өсіп-өркендеуіне, кешегі колхоздар мен совхоздардың қырмандарында тау-тау болып үйілген бидайды аудан орталығындағы астық қабылдау пунктіне тасыса, сортталған жүгеріні Алматы мен қала төңірегіндегі Байсерке, Бұрындай секілді темір жол бекеттеріне жеткізді. Тіпті ұлан- байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне қатынағанын көзіміз көрді. Олардың қандай да қиындықтарға қарамастан адал еңбек етіп, мамандықтарына деген шексіз сүйспеншілігінің арқасында жоғары жетістіктерге жеткеніне көз жеткіздік.
Тіпті сонау бір жылдары Ресейдің Сібірінен қарағай тасығаны әлі де ұмыт бола қойған жоқ. Автобаза жүргізушілері қаншама мыңдаған шақырым жолы жат жерде, үй-күйсіз іссапарда өткізді. Бұл — мысал ретінде келтіріп отырған жүргізушілер өмірінің бір ғана көрінісі. Кешегі кеңес өкіметінің дүркіреп тұрған кезінде мекемеде 380 адам қызмет етіп, 350-дей түрлі маркалы автокөліктер үш колоннаға бөлініп жұмыс атқарған екен. Бұл Ұйғыр ауданы бойынша ең үлкен еңбек ұжымы саналатын. Мекеме бірнеше рет Алматы облысының ауыспалы Қызыл туын және ақшалай сыйлықтарын жеңіп алған. Оны ақсақалдар кездесу барысында әңгіме етті.
Реті келгенде осы мекемені ұзақ жылдар басқарған, жоғары ұйымдастырушылық қабілетке ие басшылардың аты-жөнін атап өту орынды. Осы автотранспорт мекемесінің алғашқы басшысы Сәвирдин Амруллаевты, жүргізушілер арасында жоғары беделге ие болған, іскер басшы Қасенқан Қасымжановты, осы мекемеде ұзақ жылдар бас инженер болып, кейін басшылыққа көтерілген Нұрахмет Зикирьяровтардың есімі ерекше атауға тұрарлық.
— Саналы ғұмырында адал қызмет атқарып, ел мүддесін бәрінен биік қойған алдыңғы буын аға-аталарымыздың жүріп өткен жолы, адал еңбегі бізге үлгі болды. Олардың әрқашан арамызда ақылшы, кеңесші болып, әрбір отбасы төрінің берекесі ретінде аман-есен жүре берулеріне тілектеспіз, — дейді кездесу іс-шарасын ұйымдастырған ауылдың жігіттері.
Ежелгі философ Конфуций, «Қамқорлық, яғни басқаларға көңіл бөлу – бұл жақсы өмірдің және жақсы қоғамның негізі», — деген екен. Міне, бүгінгі қоғамда, қиын-қыстау кезеңде халқына пана болып, бейбіт заманның ақыны мен батырын әспеттеп, төбесіне көтерген қос ұлт арасындағы қалталы азаматтар әр кезеңде болған. Өнерлісін еркелете төбесіне көтеріп, білімдісін жасына қарамай төрге оздыратын бабаларымыз рухани байлықтың бағасы өзге дүниеден басым екенін о бастан-ақ терең түсінген. Көне дәстүрді жалғастырып жүрген ауыл тұрғындары арасында, ауыз-бірлігі мықты азаматтар, құдайға шүкір, баршылық. Әрине, қазіргі кезде әрбір адамның жүрегінде үлкенге деген кішіпейілдік мол болса, мемлекетіміздің әл-ауқаты, халықтың рухани байлығы жоғарылай түсетіні сөзсіз.
Бүгінгі бейбіт өмірімізде халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, қарттарын құрметтеп жүрген шын жанашырлары, кездесуді ұйымдастырушылар — Батур Боранбаев, Дилшат Гайитов, Измахун Қасимов, Марис Рахметов сияқты азаматтар мен оларға бар ақыл-кеңесін берген қыз-келіншектерден Оғләм Абдурахманова мен Сахинұр Ниязовалардың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Ал біз олардың жақсылықтарын жастарға үлгі ете отырып, ұлықтап, қолымыздан келгенше солардың ісін жалғастыруға тырысуымыз керек. Бұл ұлтын сүйген әр азаматтың парызы деп ойлаймын.
«Өсетін елдің қарты – қазына болар» дегендей, бұл іс-шара алдыңғы аға буын барда бүгінгі жас ұрпақтың болашағы зор екенін дәлелдей түсті. Оны сол күнгі кездесу барысында көзбен көріп, игі істеріне іштей қуандық. Лайым, солай болғай.
Жұман МАТАЙ
Алматы облысы,
Ұйғыр ауданы

866 рет
көрсетілді0
пікір