- Шаңырақ
- 08 Тамыз, 2024
Жүрегінде сәуле бар
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде «Арман қала» деген атаумен тақырыптық сабақ өтті. Оған «Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» өрендері шақырылды.
Балалар елорданың қалыптасу кезеңі мен экономикалық дамуы жайында, сондай-ақ тың және тыңайған жерлерді игеру туралы мағлұматтар тыңдап, сонымен қатар көне Бозақ қаласы, Ақмола әскери бекінісі, мәдени, спорт мекемелері, түрлі ескерткіштерімен танысты.
Танымдық дәрістен соң балалар акварельмен ақ қағаз бетіне Астананың рәміздері – «Бәйтерек», Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Экспо» халықаралық көрме орталықтарының суретін бейнеледі. Шығармашылыққа жақын, бірдеңе білсем, үйренсем деген, жүрегінде сәуле бар балаларға музейдегі жылы атмосфера өте ұнады.
Жалпы, іргелі бұл музей балалар үшін түрлі танымдық жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – «Қазақ халқының мәдениетін тактильді экспонаттар арқылы танимыз» мәдени-танымдық іс-шарасы. Бұл жолы оған шаһардағы Островский атындағы №4 орта мектеп-интернатының зағип және нашар көретін балалары, сондай-ақ музейдің «Museum FOR KIDS» лагеріне келуші балалар қатысты.
Коворкинг балалар орталығында қойылған «Жеті қазына» мүсіндер көрмесі мен этнография залында ашылған «Сәнді қолданбалы өнер бұйымдары» экспозициясы бойынша экскурсиялар өткізілді. Мұндағы экспонаттар мен арнайы қойылған бұйымдардың сипаттамалары Брайль шрифтімен ұсынылған. Балалар қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен танысып, музей экспонаттарын тактильді түрде тамашалауға мүмкіндік алды.
Балалар «Сазтерапия: қыш дөңгелегі» шеберлік сабағына да қызыға қатысты. Оны Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледж студенттері Дастан Әбдіхамит, Алмагүл Шаяханова, Әсел Төленова өткізді. Жас шеберлер студенттердің көмегімен қыш ыдыстар, саздан түрлі бұйымдар жасады.
Ал «Басқұр – киіз үй жасауы» шеберлік сабағын Островский атындағы №4 мектеп интернатының көркем еңбек және технологиялар пәнінің мұғалімі Ж.Мұқұшева өткізді. Шеберлік сабағына өндірістік тәжірбиеден өтіп жүрген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетінің студенттері де атсалысты.
Нұржамал ӘЛІШЕВА
Алматы қаласы
110 рет
көрсетілді0
пікір