- Шаңырақ
- 08 Тамыз, 2024
Бала тәрбиесі – басты назарда
Алматы қаласында Жол картасын жүзеге асыру аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мамандарына арналған біліктілікті арттыру курстары басталды. Жоба қалалық Білім басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты — мектепке дейінгі ұйымдар басшылары мен әдіскерлерінің кәсіби және басқарушылық білімін арттыру, сондай-ақ педагогтердің құзыреттерін жақсарту. Білім басқармасы мектепке дейінгі оқыту және білім беру бөлімінің бас маманы Ұлжан Батырбаеваның айтуынша, аталған курстар үш кезең арқылы іске асырылады және мектепке дейінгі білім беру саласының деңгейін көтеруге септігін тигізеді.
Балабақша меңгерушілері, әдіскерлері, педагог-психолог мамандар мен арнайы педагогтерден тұратын 440 маман алдағы үш ай бойы мектепке дейінгі білім берудің заманауи тәсілдерін меңгереді. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлу басты міндет болып қала береді. Оқу бағдарламалары балаларды оқыту және дамытуға арналған оңтайлы жаңа сандық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын білім беру ортасын құруға бағытталып отыр.
Тренерлер қатарында мектепке дейінгі білім беру саласындағы Қазақстандық және шетелдік жетекші мамандар тартылған. Отандық мамандардан бөлек, семинар спикерлері қатарында – Грекия, Мажарстан, Гонконг пен Малайзия секілді елдердің мектепке дейінгі білім беру саласындағы сарапшылары да бар.
Бұл жобада жасанды интеллект құралдарын пайдалану мүмкіндіктері қарастырылған. Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялардың дамуы мектепке дейінгі білім беру саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, көптеген ресурстар ұсынып отыр. Бағдарлама өз кезегінде оқу материалдарын жеке тұлғаға лайықтап, оқытуды жекелендіру үшін деректерді талдауға және әкімшілік тапсырмаларды автоматтандыруға мүмкіндік беріп, педагогтердің балалармен жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды.
Одан бөлек, ұйымдастырушылар аталған жоба арқылы стратегиялық басқаруды дамыту, кәсіби және тәлімгерлік құзыреттілікті арттыру, балаларды оқыту мен дамытуға, цифрлық технологияларды енгізуге дайындық секілді міндеттерді арқалап отыр. Жоба педагогтерге өз білімін кеңейтуге және мектепке дейінгі білім беру саласындағы соңғы үрдістермен және инновациялармен танысуға, мектеп жасына дейінгі балаларды дамытуда заманауи тәсілдерді зерделеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ерте жастағы балаларды ұлттық және жалпы адами құндылықтар негізінде дамытудың өзекті тәсілдерін енгізуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Педагогтар халықаралық әдістер мен тәжірибелерді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға коррекциялық білім беру әдістерін үйренеді. Ал, курс соңында үздік деп танылған 40 маман шетелдердерде, атап айтқанда Малайзия, Қытай, Польша және Германияның жетекші оқу орындарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
161 рет
көрсетілді0
пікір