- Шаңырақ
- 08 Тамыз, 2024
Талант жас талғамайды
«Қарты бар елдің қазынасы мол» дегендей, әр уақытта да ел алдында аға буын өкілдерінің орны бөлек. Зейнет жасында уақытын тиімді пайдалану — олардың денсаулықтарына үлкен әсер беретіні сөзсіз. Осы жағдайды үнемі назарда ұстап, көмек қолын созатын мекемелердің бірі — Медеу ауданы Ардагерлер кеңесі. Ұйым қарттардың басын қосып, жақсы іс-шараларды өткізіп тұруды әдетке айналдырған. Сондай ауқымды шаралардың бірі Дұман ықшамауданындағы Белсенді өмір сүру орталығында ұйымдастырылды. Ата-әжелер арасында «Талант-жас талғамайды» деген тақырыпта өткен көркем өнерпаздар көрме-сайысында қолөнер шеберлерінің еңбектері қойылып, концерттік бағдарлама тарту етілді.
Жиынға Медеу ауданына қарасты 28, 29, 30, 32 округтердің және Алатау ықшамауданының ардагерлері қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Белсенді өмір сүру орталығына жиналған жұртқа ақ сақалды ағалар мен ақ жаулықты аналар ыстық ықылас сыйлады. Таланттар өнерді өмірдің бір бөлшегі ретінде емес, өмірді өнердің бір бөлшегі ретінде көреді. Әсіресе, Шекербану Айтжанова мен Нұролла Қалиев басқаратын Дұман ардагерлерінің фольклорлық-сазды оркестрі бұл шараға үлкен дайындықпан келгені байқалады. Оркестр құрамындағы Марат Әмірбеков, Күмісхан Қожабекова және Қалдыгүл Ғазизова мен басқа округтерден келген Ажар Балтағұлова, Гүлбаршын Әуелбекова, Қарлығаш Сқақова, Дәмеш Қасенова, Рашида Алтынбаева, Сара Нұрғазиева бастаған өнерпаз аналардың өлеңдері шынында да талант жас талғамайтынын дәлелдеді. Қазақтың екі ішекті домбырасымен сазды әндерін шырқаған аналардың өнерін де көрермендер зор қошеметпен қарсы алды. Ал, Клавдия Мухаряпова қазақ әндерінің бірнеше тілге аударылған нұсқасын қатар орындады.
30-шы округ ардагерлері де бұл бас қосуға өз өнерлерін ала келген екен. Округ төрайымы Татьяна Крылова өзінің авторлық туындыларымен бөліссе, Рамазан Хаметчин гитарамен бард әндерін шырқады. Жасы сексенге таяса да, спортты серік еткен Любовь Чукенова акробатика жанрында өзінің икемдігін көрсетті. Қарттар басқосуының қызықты да әсерлі өтуіне бар күшін салған кешті жүргізуші Гүлнәр Сүлееваға жиналған ардагерлер қауымы ризашылықтарын жеткізді.
— Ел арасында мұндай талант иелері кем емес, тек олардың туындыларын халық алдында көрсетуге мүмкіндік жасау керек, — деді өзінің құттықтау сөзінде аудандық Ардагерлер алқасының төрағасы Алмас Тілеубаев. Төраға, сондай-ақ күзде ардагерлер арасында өтетін ауданаралық өнер сайысына осы бастан дайындала беру керектігін, ол үшін туындайтын әрқандай мәселені шешіп беруге тырысатынын мәлімдеді.
Адам жасының ұлғайғандығына қарамай, талпынса, небір жұмыстарды меңгеретіні айдан анық. Халық арасынан шыққан өнер иелерінің қарттар арасында да аз емес екендігіне осы іс-шарада көз жеткіздік. Дұманда жоғары деңгейде өткен дұманды кеште белсенділік танытқан қатысушы – ардагерлер кездесу қортындысы бойынша мақтау қағаздарымен марапатталды. Аудан ардагерлері алқасының төрағасы Алмас Абдыраманұлы мен Белсенді өмір сүру орталығының жетекшісі Сұлушаш Искалиева оларға сый-сияпаттар табыс етіп, алғыс білдірді. Зейнеткерлер тарапынан үлкен сұранысқа ие осындай өнер сайыстары алдағы уақытта да бола беретіні сөзсіз.
Гүлнар ШОҚБАРОВА,
Белсенді өмір сүру орталығының үйлестірушісі
Алматы қаласы
СҮРЕТТЕ: Рамазан ХАМЕТЧИН.
610 рет
көрсетілді0
пікір