- Әхбаратлар еқими
- 08 Тамыз, 2024
Уақыт кері қайтарылмайды
Минәмжан АСИМОВ,
«Uiğur avazi»
2024 жылғы 7 маусымда «E-Petition.kz» порталында орналастырылған сағат тілін артқа қайтару туралы петицияны ресми қарау үшін жеткілікті 50 мың қол жиналған болатын.
«Қараңғылық ұзақтығының ұлғаюы тұрғындарға жарықтандыруды ертерек қосуға мәжбүр етеді, бұл, әрине, электр қуатын тұтынудың артуына және тиісінше қосымша шығындарға әкеледі» деп сендіреді петиция авторлары. Уақытты өзгертуден бас тартуға шақырған олар: «Бұл адамның биоритмі мен жасанды түрде белгіленген уақыт кестесі арасындағы сәйкессіздікті жояды, халықтың әл-ауқатын жақсартады және қатерлі ісік, рахит, иммун тапшылығы және психологиялық бұзылулардың даму қаупін азайтады», деген талап қойды.
Одан бөлек мемлекеттік органға қарау үшін жолданған өтінішке 3567 адамның пікірі жазылған. Пікір жазушылардың көбі өтінішті қолдайтынын білдірген.
«Уақытты қайтарыңыздар. Кеште балалармен таза ауада ойнай алмайтын болдық. Жұмыстан келгенше түн боп жатыр. Көктем-жаз келіп, аулада ойнаймыз ба десек, күн көрмейміз!».
«Біз шынымен үміттенеміз және сенеміз, әрекет етеміз. Қазір оңтүстікте күн 3:25-те қатты жарық, ал 8:00-де күн түсте болғандай ыстық» деген пікірлер көңілге қонымды. Әйтсе де, «азаматтардың денсаулығы мен мемлекет экономикасына тигізетін зардаптарын зерттемей» бекітілген шешімнің бастамашыларына реніш білдіргендер, жұмыстан соң үй шаруасына үлгере алмай, «жарықта ұйықтап жүргендер» де өз жазбаларын қалдырды.
Осы мәселеге байланысты Сауда және интеграция министрлігі құрамына петиция авторлары, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар кірген жұмыс тобын құрды.
Жұмыс тобы ұсынған барлық деректер мен дәлелдемелерді, ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарды зерделей отырып, Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерін бір сағатқа кері ауыстыру табиғи күн циклдеріне сәйкес келетіні және ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарға негізделгені расталды.
UTC + 5 уақыт белдеуі Қазақстан Республикасы аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі болып табылады. Стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулерді және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауы негізінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
Отырыста жұмыс тобына қатысушыларының дәлелдерін назарға ала отырып, бірқатар министрліктердің тиісті талдаулар мен қосымша зерттеулер жүргізу қажеттілігі айтылды.
Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктеріне UTC + 5 уақыт белдеуінің алдағы үш жылда халықтың денсаулығына қалай әсер ететіне зерттеу жүргізу ұсынылды. Алайда, үш жыл, біздің ойымызша, аз уақыт емес. Халық денсаулығына уақыт белдеуінің өзгеруі кері әсер еткен жағдайда, үш жылда жоғалтатынымыз да аз болмайтынын қаперде ұстаған жөн.
Ал, осы уақыт ішінде жұмсалған электр энергиясының аз-кемдігі манаполистердің маусымдық немесе белгілі бір уақытта тұрақты түрде есептеліп тұратындығы өздігінен белгілі. Осыған қарамай, Ұлттық экономика және энергетика министрліктеріне жылу маусымы мен маусымдық өзгерістерді ескере отырып, өңірлерде электр энергиясын тұтынуға мониторинг және талдау жүргізу тапсырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұйымдар мен кәсіпорындарға күндізгі уақытты ескере отырып, жұмыс кестесін түзету мүмкіндігін түсіндіру ұсынылды. Сонымен, уақыттың өзгеруі ел экономикасы мен адам денсаулығына әсер етуі немесе етпеуі енді ғана зерттеліп, зерделенетін болды. Министрліктің мәлімдемесінен түйгеніміз – «уақытты кері қайтару» уақыт күттірмейтін мәселелер қатарынан емес. Содан болса керек, 50 мың қазақстандық қол жинаған петиция Сауда және интеграция министрі тарапынан қанағаттандырылмады.
650 рет
көрсетілді0
пікір