- Шаңырақ
- 12 Қыркүйек, 2024
Әйелдің бақыты ақылына байланысты
Ананың, әйелдің жылы сөзі, айтқан ақылы барлық адамзатқа керек. Бірде «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Әйел бақыты» бағдарламасын көріп отырмын. Жүргізуші қыз хабардың қонағы, атақты халық батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовадан: «Әйелдер қалай бақытты ғұмыр кешеді?» деп сұрағанда, парасатты анамыз «Әйелдің бақыты ақылға байланысты, әйел ақылды болса, бәрін жеңеді» деп жауап берді.
Басына қандай қиындық түссе де жасымаған, жақсылық көрсе, тасымаған әйелдер арамызда бар. Солардың бірі – 70 жасқа келіп, біреуге ана, біреуге әже болған Шаһризада Ашимқызы. Атақты араб әдебиетінің орта ғасырдағы классикалық шығармасындағы «Шаһризада» деген ақылды әйелдің атын иеленген, әжеміз, анамыз Шаhризадамен кездесу сағаты түсті. Жақындары «Шура» деп атайтын Шаhризадамен кездесіп, «мен сіз туралы газетке мақала жазайын» деп едім, «ой, керек емес» деп ат-тонын ала қашты.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаев жақында қазақстандықтарға жолдаған Жолдауында «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген еді. Шаhризада Ашимқызы дәл сондай өз еңбегімен көзге түскен қадірлі, сыйлы адам. Шах Шаhриярға мың бір түн қызықты әңгіме айтқан уәзірдің ақылды қызы Шаhризада сияқты «Шура» өзінің жүріп өткен, 70 жылдық өмірін дастан қып маған айтып берді.
Шаhризада Алматы облысы Шелек ауданы Қаратұрық ауылында дүниеге келген, есімін әкесі Ашим Арзиұлы қойған екен. Себебі, осы арабтың ақылды қызының, бүкіл әйел қауымын мың бір түн ертегесін айтып құтқарған Шаhризаданың ерлігі әкесін өте қатты сүйсіндірген. Орта мектепті бітірген соң институтты оқып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Шаhризада сол кездегі білімнің өте сапалы екенін еске алды. Он екі жыл мектепте істеген ісі мен іскерлігіне байланысты аудандық білім бөлімі оны «Улыбка» деген балалар бақшасына меңгеруші етіп тағайындаған. Сұқбаттасым балалармен жұмыс істеудің қиын да қызық тұсын еске ала отырып қызықты етіп әңгімелеп берді. Бүкіл балабақша жабылып, еліміз тоқырауға түскенде аудандық кітапханада жұмыс істеген, одан кейін аудандық мәдениет үйінде бас маман ретінде талай істердің қасында болған, осы саланың дамуына үлес қосқан. 1999 жылдан 2003 жылға дейін аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман болып, сол кезде талай жақсы адамдармен, әсіресе марқұм Жеңіс Тойшыбекұлымен қызметтес болғанын, жас та болса бас болған Қанат Әбілжанұлымен қандай істерді атқарғандарын есіне алып, ерекше атап өтті.
2003–2009 жылдар аралығында Шонжы ауылындағы мәдениет үйінің директоры болып істеген кездегі кездескен қиыншылықтарды мәдениет үйінде сол кезде үш-ақ адам жұмысты бастағанын, барлық жұмысты тазалықтан мәдениет үйінің іші-сыртын тазалауда ер адамдар болса да, Алик пен Нұржанның ерінбей еңбек еткенін айтып, қызықты естеліктерімен бөлісті. Қазіргі кезде өнерімен ел-жұртқа құрметті боп жүрген «Жазерке» мен «Арзу» деп аталатын өнер ұжымдарына штаттар беріліп, қарқынды жұмыстар жүргізілген. Сол кездегі өткізілетін «ауданның облыстағы күндеріне» мәдениет саласындағы қызметкерлердің қаншама күш сарп еткенін тайға таңба басқандай әңгімеледі.
2009 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін «Балбөбек» балабақшасында әдіскер боп істегенін, талай қызықты сәттерді, балалармен өткізген қуанышты күндерін есіне алып, күле отырып айтып өтті. Білімді, іскер адамдарды кез келген адам іздеп, тауып алады емеспе. Шаһирзада Ашимқызы зейнетке шыққан соң жеке меншік балабақшаларда әдіскер болып істеп, қолынан келген әдістемелік істерді жастарға үйрете білді.
Ертегінің «Қызмет» деген тарауы бітті. Енді «Отбасы» деген жерден бастайық. Өз өмірін ертегідей қып әңгімелеп отырған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ашим Арзиевтің қызы Шаһризада жан жары Расулдан айрылған кезін, үш баланы қалай жеткізем деген арманын еске алып, көзіне жас алды. Дегенмен үш бала өмірден өз орындарын тапты. Шахсәнәм – медбике, Марс – заңгер, Руфат – жеке кәсіпкер. Ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, келіннің қолынан шай ішіп, немерелерінің алақанынан май жалап отыр. Өткен күнде белгі жоқ, «өмір өтер дегеніне қарамас» деп ақын жырлағандай, өмір өтеді ғой. Бірақ бауырлары қайтыс болғанда, су бетінде қалған қайықтай болғанын, әкесі Ашим мен анасы Тұрсынбүбі ақтық сапарға аттанғанда, далада қалғандай болғанын күрсіне еске алды.
Анасы Тұрсынбүбі hәдәміз өте ұқыпты, тазалыққа жаны құмар, ақ дастарқаны жаюлы, өте мықты әйел болған. Ол кісінің қолынан халқы әлі күнге сүйіспеншілікпен еске алатын республика басшысы, елдің сүйіктісі Димаш атамыз, желтоқсанда қуғынға ұшыраған, елі үшін, жері үшін қызмет еткен Асанбай әкеміз, еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы дәм тартқан.
Ертегі әлі аяқталған жоқ. Шаhризаданың өмірінде әлі таң атқанша айтатын жыр кезеңдері бар. Ана – халықтың абыройы мен ары, сол жол бастайтын желкен, шаңырақтың шамшырағы, намысы мен ертеңі. Баласын «шырағым» дейтін де, «шуағым» дейтін де – ана. Ұрпағын «байлығым» дейтін де ана, баласы үшін жанын да қиятын да ана. Ұрпағын өрбітіп, елдің жанына жылу сыйлап жүрген Шаhризада Ашимқызы арамызда үлгілі әже, аяулы, ардақты ана боп жүре берсін!
Рая САРТОЛОВА,
ардагер әжелер кеңесінің төрайымы
Алматы облысы,
Ұйғыр ауданы
605 рет
көрсетілді0
пікір