- Шаңырақ
- 03 Қазан, 2024
Батырдың есімі ұлықталды

Жақында Алматы қаласының 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында осыдан тура 30 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық шекарашы Раджан Батырқановтың есімін ұлықтауға арналған шара өтті.
Оған ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің жеке құрамы, шекарашы ардагерлер, «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері қатысты. Шекарашылар Мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қойып, Екінші дүниежүзілік соғыстың батырларына, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдары ерлікпен қаза тапқан шекарашылардың рухына тағзым жасады. Содан кейін Алматы қаласындағы №102 орта мектептің оқушылары «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының қатарына кіру үшін ант қабылдады. Бұдан әрі жас патриоттар Армия үйіне барып, И.Панфилов мұражайын аралап көрді.
Енді батырымыздың ерлігіне тоқталайық. 1994 жылғы 28 қыркүйекте Хаким бандасының екі жүзден астам қарулы содыры 9 автокөлікпен Тәжікстанның Хорог қаласы маңындағы мемлекеттік шекарасын кесіп өтіп, Ауғанстанға өтуге бет алады. Олардың жолына 38 қазақстандық және ресейлік шекарашы тосқауыл болып тұрады. Соғысқа бірінші болып кірген ресейлік офицер Константин Селюк пен Раджан Батырқанов қаруластарына моджахедтерге тылдан шабуылдауға мүмкіндік береді. Ұрыста ауыр жарақаттанған Раджан көп қан жоғалтып, есін жимастан қайтыс болды. Ұрыстың нәтижесінде моджахедтер жойылып, содырлардың кепіліндегі адамдар құтқарылды.
Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін кіші сержант Р.Батырқанов қаза тапқаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Раджан Батырқановтың жасаған ерлігі біздің елден тыс жерлерде де белгілі және оның есімі мәңгі ұмытылмайды. Катонқарағайда көше мен мектепке, Күршім шекара отрядының «Шындығатай» шекара заставасына батырдың есімі берілді. Күні кеше Тәжікстанның Дарваз ауданында Қазақстан қаһарманы Раджан Батырхановқа ескерткіш тақта ашылып, рухына тағзым етілді.

302 рет
көрсетілді0
пікір