- Шаңырақ
- 28 Қараша, 2024
«Әр ардагерге жоғары дәрежеде қызмет көрсетеміз»
Алматыдағы республикалық Отан соғысы ардагерлерінің госпиталы мемлекет тарапынан ерекше жеңілдіктерге ие науқастарға қызмет етеді. Бұл емдеу мекемесін бүгінгі күні білікті дәрігер – Гауһар Тазабекқызы Жұмасейітова басқарады. Біз жақында осы медициналық оңалту орыныда болып, оның аккредитациядан өткендігінен хабардар болдық және тыныс-тіршілігі туралы бас дәрігерден көкейде жүрген біраз сұрақтарға жауап алдық.
– Гауһар Тазабекқызы, республикалық Отан соғысы мүгедектері госпиталының бүгінгі науқастарды қабылдау контингентіне кімдер кіреді? Алматы қаласындағы бұл денсаулық сақтау мекемесі неше төсек-орынға жоспарланған?
– Біздің госпиталь контингенті Отан соғысының қатысушылары, интернационалист-жауынгерлер, Семей ядролық полигонының қызметінен иондаушы сәулеленуге ұшыраған және Чернобыль АЭС апаты салдарын жоюға қатысқан адамдардан тұрады. Аурухананың науқас қабылдау сыйымдылығы тәулік бойы жұмыс істейтін 135 төсек-орынды құрайды. Оның ішінде 60 терапевтік, 50 неврологиялық, 20 көпсалалы оңалтуға арналған орындар бар. Біздің республикалық клиникалық кәсіпорын аккредитациядан сәтті өтіп, күні кеше ғана арнайы комиссияның шешімімен, алғаш рет бірінші санаты тағайындалғаны туралы куәлік қолымызға тигендігін де айта кетейін.
– Құтты болсын! Арнайы ардагерлерге арналған госпитальға келіп емделуші науқастардың жылдық көрсеткіші қандай? Жоғарыда айтылған санаттағы кісілердің ем алуы үшін бұл аурухана аздық етпей ме?
– Статистикалық мәліметтер бойынша, диспансерлік есепте тұрған контингенттен науқастар саны жыл соңында 673 965 адамды құрайды. Бұл санаттағы адамдарға негізінен республика бойынша екі емдеу мекемесінде медициналық көмек көрсетіледі. Біріншісі, Астана қаласындағы «Отан соғысы ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталь», екіншісі Алматыдағы «Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталы».
Республикадағы контингенттер санын ескере отырып, кезекке тұру арқылы госпитализацияға басымдық беріледі.
– Госпиталь Отан соғысы ардагерлерінің деп аталғанымен, іс жүзінде санаулы ғана қалған қарт ардагерлеріміз бұл жерде ем қабылдауға қауқарсыз. Олардың ізбасарлары болып танылатын ауған соғысының қатысушыларына қандай басымдықтар қарастырылған?
– Отан соғысы ардагерлерінің ерліктерін ұлықтау мақсатында, бұл мекеменің солай аталғаны көңілге қонымды. Батыр аталарымыздың үйлеріне дәрі-дәрмектер мен сый-сияпатымызды апарып, денсаулықтарын қадағалап отыруды госпиталь дәрігерлері дәстүрге айналдырған. Алдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, ардагер аталарымыздың қал-жағдайын сұрап, құрмет көрсету ойымыз да бар. Біз әр ардагер үшін жоғары дәрежеде қызмет етуге дайынбыз. Жоғарыда айтылған диспансерлік есептегі науқастардың ішінде 13151 интернационалист-жауынгер бар. Тәулік бойы жұмыс істейтін госпитальда ауған соғысы ардагерлері контингентінен 2022 жылы – 730, 2023 жылы – 869 науқас емделді. Ал, биылғы көрсеткіш бұрынғыдан әлдеқайда көп.
– Иә, әсіресе биылғы жылдың басында ауған соғысына қатысушылардың арнайы емдеу орындарына көп қабылданғанынан хабарымыз бар. Сіз басқаратын мекемеде бұл санаттағы азаматтарға қандай көңіл бөлінеді?
– Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толуына байланысты, оларға ерекше көңіл бөлуге нұсқау берілді. Науқастарды жылдағыдан көбірек госпитализациялауға тырыстық. Нәтижесінде, тек ақпан айында госпитальда 211 интернационалист-жауынгер емделді. Жалпы 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында бұл емдеу мекемесінде 416 «ауғанға» қызмет етілді. Бұл ауруханада емделген науқастардың 21,3 пайызын құрайды. Осыған орай біздің госпиталь тарапынан да ауған соғысы ардагерлеріне арналған арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Ардагерлер ұйымдарының өкілдері шақырылып, медбике-дәрігерлер тарапынан концерт көрсетілді. Аулада емделуші «ауғандар» шерумен жүріп өтті. Тіпті бір кісі өзінің соғыстағы командирі мен осында табысқаны бізге ерекше әсер етті. Ардагерлерді тұрақты түрде мәжіліс залына жинап, оларға құрмат көрсеттік, естелік ретінде өзіміздің сыйлықтарымызды бердік.
– Сіз жоғарыда ауруханаға келу үшін кезекке тұру қажеттігі туралы айттыңыз. Бұл қалай жүзеге асырылады? Деректер қорына енгізілген ем қабылдаушылар автоматты түрде келесі жылғы кезекке қойылмай ма?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы «Стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек жоспарлы түрде көрсетілетін аурулардың тізбесін бекіту туралы» және 2022 жылғы 24 наурыздағы «Емханада стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету стандартын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» құжаттарға сай, науқасты стационарға жатқызу бастапқы медициналық-санитарлық көмек немесе жергiлiктi денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының жолдамасы бойынша жүзеге асырылады. Аурухана жыл сайын төртінші тоқсанда Алматы қаласының және облыстардың Қоғамдық денсаулық сақтау департаменттеріне тағайындалған контингенттің санын және келесі жылға стационарға жатқызу үшін жолдамалардың қажеттілігін сұрап хат жібереді. Облыстардың жолдама карталарына қажеттілігі туралы деректер өңделеді және мемлекеттік тапсырысты ескере отырып, ай сайын келесі жылға оларды бөлу қарастырылады.
2023 жылғы 27 қарашадағы «Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумдағы» 4-бапқа және 2024 жылғы 14 мамырда оған егізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бағыт карталарын таратқанда төмендегі ара қатынастар ескеріледі: басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері – 35 пайыз; Чернобыль атом электр станциясындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар – 35 пайыз; Семей полигонындағы ядролық сынақтар нәтижесінде зардап шеккен адамдар – 30 пайыз болып, контингенттік топтар арасында бөлу қарастырылған.
– Дәрігерлер кеңесі бойынша ардагерлер денсаулық жағдайларына байланысты жылына екі-үш рет ауруханада ем қабылдауы қажет. Госпиталь оларды қайта қабылдай ала ма?
– Контингенттің көлемін, бірнеше жыл бойы ауруханаға жатқызуды күтіп тұрған пациенттердің қайталанатын өтініштерін ескере отырып, әрбір науқасқа стационарлық емделу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында, 2023 жылғы 19 желтоқсандағы Меморандумға қосымша келісімде стационарлық емделу жиілігін қамтамасыз ету ұсынылған. Оларды стационарда емдеу күнтізбелік жылда бір реттен аспайды.
– Алатау бөктерінде орналасқан госпитальдың тағы бір ғимараты апатты жағдайда деп танылып, жабылып қалғаны белгілі. Қайта қалпына келтіру туралы айтылып жатқан уәделер мен құжаттар іске аспай жатыр. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қалай?
– Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде шешілетін мәселе. Сондықтан бұл сұрағыңызды жауапсыз қалдырайын.
Сұқбаттасқан
Минәмжан АСИМОВ,
«Uiğur avazi»
497 рет
көрсетілді0
пікір