- Шаңырақ
- 09 Сәуір, 2025
Аспанымыз ашық болсын

Соғыс... Қандай қатыгез сөз. Бар болғаны бес әріптен құралған. Ал мағынасы жан түршіктірер. Шыны керек, осы бар болғаны бес әріп миллиондаған адамның жанын қиды. Осы соғыста ешкімнің сағы сынбады, жігері жасымады. Олардың бойындағы отаншылдық сезімі, қолына қару алып сапта тұрған көптеген ұлт өкілдерінің тізе қосқан бірлігі мен ерлігі жеңісті жақындата түсті. Сұрқия соғыс біздің Қазақстанда да өзінің қайғылы күндерін тастап кетті. Жүз мыңдаған отандастарымыз соғыстың алғашқы сәтінде-ақ майданға аттанды. Ал тылда апаларымыз бен балалар «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен еңбек етті. Солардың бірі – Мусаева Зина Бахаудунқызы.
Зина әжеміз соғыс басталған кезде алты жаста еді. Сол бір кездердің қандай қайғы салғанын Зина Бахаудунқызы күрсіне отырып, әңгімелеп берді. Анасынан үш жасында айрылып, нағашы жұртта жүрген Зина әже көп қиындық көріпті. Өз сөзінде «мен соғысты жек көрем» деген пікірді алға тартты. Соғыс кезіндегі барлық ойды, пікірді ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мына өлеңімен түйіндеді:
Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі.
Соғыстың соңғы көктемі.
Қаншама әке-ағалары соғыстан қайтпай қалғанын бір уақыт есіне алып, үнсіз отырып қалды. Түске дейін сабақ оқып, түстен кейін масақ теріп, жеңісті жақындатқан бойжеткен Зина Жаркенттегі педучилищені бітіреді. Өзінің туған жерінде, Ақсу ауылындағы мектепте бастауыш сынып оқушыларына сапалы білім, саналы тәрбие берді.
Шешесі үш жасында қайтыс болып, нағашы апасының тәрбиесінде болған, соғыстың қиын кездерін, тағдыр тауқыметін көп көрген әжеміз 90 жасқа келіп отыр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Зина әжеміз немере мен шөбере ортасында бақытты ғұмыр кешуге келеді. Жақында бір аста бірге болдық. Өте сабырлы, байсалды. Әр сөзі мірдің оғындай. Биылғы Ұлы Жеңістің мерекесін артқы шеп ардагерлері ретінде қарсы алатынын мақтанышпен тілге тиек етті. Қазақстанда тұрып жатқан халыққа бейбіт заман тіледі. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы болып жатқанын, ұлтаралық келісім, қазақ пен ұйғыр ағайындардың достығы, тату-тәтті өмір жайлы айтты. Соғысты жек көретінін, енді соғыстың болмауын тәңірден сұрап, ақ батасын берді.
Жасы 90-ға келсе де тобықтай түйін жасап отырған, өзінің ақыл-ойы керемет әжемен сұқбаттасу не деген ғанибет!
Рая САРТОЛОВА,
Ұйғыр ауданының
құрметті азаматы
Алматы облысы

191 рет
көрсетілді0
пікір