- Шаңырақ
- 23 Сәуір, 2025
Фразеологиялық сөздік жарыққа шықты

Елімізде қазақша-орысша-ағылшынша фразеологиялық сөздік жарыққа шықты. Сөздіктің таныстырылымы елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Әдістемелік құралдың авторы — Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова.
Еңбек мемлекеттік тілдің еларалық қатынастарда қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, саясаткерлердің, журналистердің, ғалымдардың, ұстаздардың қазақ тіліндегі мақал-мәтел, тұрақты тіркес, қанатты сөздерін, яғни фразеологизмдерін басқа тілдерде қолдануға мүмкіндік береді. Автор бұл кітаптың қазақша-орысша бөлігін өзі жазғанын, ал ағылшынша бағанын өзінің шәкірті, Шығыс Англиядағы Норвич университетін тәмамдаған Мерей Мәлікова жазып шыққанын айтты.
Сөздік оқырманның тіл байлығын арттырып, үш тілде еркін сөйлеуге, шешендік өнерді игеруге таптырмас құрал саналады. Қазіргі таңда ол 2000 данамен басылып шыққан және онлайн нұсқасы жасалып жатыр. Бұл еңбекке қазақтың 1001 фразеологизмі еніп отыр. Олар неғұрлым кең таралуы, қазақ халқының даналығын көрсете алуы, халықтар арасындағы байланыс кезінде жиі қолданылуы сынды критерийлер бойынша іріктеліп алынған.
Айта кетейік, Камал Әбілқасымқызы бұған дейін қазақ тілін жаңадан меңгере бастаған бауырларымыз үшін 2006, 2011, 2016 жылдары қазақша-орысша сөздік шығарған.

39 рет
көрсетілді0
пікір