• Әхбаратлар еқими
  • 18 Қыркүйек, 2025

Алты отбасыға пәтер кілті табысталды

Осы аптада ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бо­йынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты ҚР Тұңғыш Президенті атындағы шекара бөлімшесінде алты пәтердің кілтін тапсыру рәсімі өтті. Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, департамент басшысы полковник Әлібек Каюповпен бірге аудан әкімі және жергілікті билік орындарының өкілдері қатысты. 
Шекарашыларға арналған тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қарашасында басталған болатын. 70 шаршы метрді құрайтын әрбір пәтер заманауи талаптарға сай келеді. Жалпы сомасы 124,3 млн. теңгеге бағаланған жоба облыс әкімдігінің есебінен қаржыландырылған. 
– Бүгін біз шекарашыларға пәтер кілттерін табыстап қана қоймай, сонымен бірге мемлекет пен халықтың ризашылығы мен сенімін білдіріп отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, шекарашылар – мемлекеттіліктің сенімді тірегі. Бұл пәтерлер – сіздердің адал еңбектеріңіздің және абыройлы қызметтеріңіздің нәтижесі. Жаңа баспана отбасыларыңызға берік негіз болып, табысты болашақтың кепіліне айналарына сенімдімін, – деді облысы әкімі.
Бұдан әрі облыс басшысы шекара бөлімшесінің офицерлік құрамы мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілеріне пәтер кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. 
Айту керек, соңғы үлгідегі пәтерлермен толыққан шекара бөлімшесінің тарихы өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан басталады. Сондай-ақ тағы бір ерекшелігі – үш мемлекеттің түйіскен жерінде тұр. Хантәңірі тауының биігіне көтерілу үшін алыстан келген альпинистерді бірінші болып біздің шекарашылар қарсы алады. Учаскесіндегі Жарбұлақ алтын кенімен де дараланатын шекарашылар жыл басынан бері 100-ден аса шекара режимін бұзушыны ұстады. 
Осылайша, кеудесін мыңжылдық жасыл шыршалар жапқан таудың баурайында өткен рәсімнің соңы жаңа баспаналардың тұсаукесеріне ұласты. Сол-ақ екен, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, «жаңбырша жауған» тәттілерді облыс әкімі бастаған мәртебелі қонақтар жинап, мәре-сәре болысқан. Иә, бұл – қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүріне сай, «ақ түйенің қарны жарылғанын» білдіретін күн. 
Лайықты бағасын беру керек, су жаңа пәтерлердің кілтін алғандардың қатарында ҰҚК Шекара академиясының биылғы түлегі лейтенант Нұрдәулет Ахатаев та бар. Ел шебіндегі алғашқы қызметін аталған шекара бөлімшесінде бастағанына көп болмаған жас офицер мұны өзінің жас ғұмырындағы ең бір жарқын оқиғалардың біріне балайды. 
Жаңа үйлер жел өтінде жүрген шекарашылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың өзіне жүктелген міндетін асқан жауапкершілікпен атқаруға зор мүмкіндік береді.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА, 
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
 

79 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы