• Шаңырақ
  • 02 Мамыр, 2024

Ауғанның асуында от кешкендер

Минәмжан АСИМОВ,
«Uiğur avazi»

Алматыдағы республикалық Ұлы отан соғысы мүгедектерінің госпиталінде ауған соғысы ардагерлеріне деген құрмет ерекше. Бұл емдеу мекемесі Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанының 35 жыл толуына орай өткен үш ай бойы тек соғысқа қатысқан ардагерлерді ғана қабылдағаны кісіні қуантады. Бүгінде госпитальде емделушілердің 25 пайызын ауған соғысы ардагерлері, 25 пайызын Чернобыль атом электр станциясы апатын қалпына келтіруге қатысушылар, қалған бөлігін Семей ядро полигонынан зардап шеккендер құрайды. Енді емделушілер қатары Таулы Қарабақ, Тәжік-Ауған шекарасында және шет елдерде бітімгерлік күштер құрамында қызмет еткен азаматтармен толығатындығын ескерсек, ауған ардагерлерінің пайыздық саны азайып кету қауіпі де жоқ емес. Сондықтан, басшылық тарапынан бұл мәселе шешімін тапқандай.
— Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрліктерінің ауған соғысы ардагерлеріне ерекше көңіл бөлу керектігі туралы ұсыныстарына байланысты өткен жылдың желтоқсанынан бастап, биылғы қаңтар, ақпан айлары толықтай соларға ғана қызмет еттік, — дейді госпиталь директоры Гауһар Тазабекқызы. – Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің құрметіне орай ақпанда емделуші «ауғандарға» арнап үлкен салтанатты іс-шара өткіздік. Бұл Amanat партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясында жүзеге асты. Шекара академиясының әскери оркестрін шақырдық, мекеме қызметкерлері тарапынан «ауған» әндері шырқалды. Әсіресе, барлық ардагерлердің сап түзеп алаңға шыққаны көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Госпитальдің жетекшісі мерекелік іс-шараға сондай-ақ, қаладағы ардагерлер ұйымдарының өкілдері, соғыстан кейін еліміздің көркеюіне ат салысып жүрген әскери шенділер, журналистер, ғалымдар, қоғам белсенділері қатысқанын жеткізді.
Бұл кештің аты айтып тұрғандай, жас ұрпаққа үлгі болатын «Ауғанның асуында от кешкендер» өткен күндерді еске алып, рухтары көтеріліп қалды. Біз де Денсаулық сақтау министрлігі мен госпиталь ұжымының осындай мерекені жоғары деңгейде ұйымдастырғаны қандыкөйлек қаруластардың есінде ұзақ сақталатынына сенімдіміз.
Мекеме басшысы осындай жауапты іске кіріскен бір жылдың ішінде бірнеше рет еліміздің түкпір-түкпірінен емделуге келген ардагерлерді кеңсесіне шақырып, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Сондай жиынның біріне өзіміз де куә болдық. Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанының 35 жылдығына байланысты жиырмадан аса ардагердің басын қосқан директор госпиталь қызметкерлері мүмкіндігінің барынша жоғары сапалы қызмет көрсететіндігін жеткізді. Оның экономика және жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Айдос Рахимов, клиникалық қызмет жөніндегі орынбасары Нурия Қалмұратовалар ақжарма тілектерін айтып, естелік сыйлықтар тарту етті. Білікті басшы жиналған ардагерлерге деген ыстық ықыласының шексіз екендігін көрсете білді. Өз кезегінде госпиталь әкімшілігінің сый-құрметіне ризашылық білдірген ардагерлер, ақ халатты абзал жандардың қызметіне алғыстарын төкті. «Сыйға — сый» демекші, Қордай ауданынан келген ауған соғысының мүгедегі Шербани Сулеев кезінде отан үшін қан төккен аталарымыз денсаулығын оңалтқан киелі мекеннің ауласына шырша ағаштарын сыйға тартатынын жеткізді.
Айта кету керек, госпиталь аумағында соңғы жылдары ескіріп-қураған ағаштар алынып тастап, орнына жаңа ағаштар отырғызыла бастапты. Айдос Рахимовтың айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық апталығының аясында демеушілердің көмегімен 38 шырша ағашы бой көтеріпті. Енді олардың санын толықтырған, Шербанидің атынан келген тағы да бес шыршаны ауған соғысы ардагерлері өз қолдарымен отырғызды.
 

684 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы