• Шаңырақ
  • 02 Мамыр, 2024

Мұнда өзімді бөтен сезінбеймін

Былтырғы мамырда Алматыдағы «Alatau-Aqparat» медиахолдингі мен Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Медиахолдингке қарасты «Алматы ақшамы» газетінің журналистері қазір сол әріптестік шеңберінде түрік тілін тегін үйреніп жүр. Тіл білгеннің еш артықшылығы жоқ. Тіл – халықтарды жақындастырады, бір-бірін терең түсінуге дәнекер болады. Курс аяқталған соң қатысушыларға Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті лингвистикалық орталығының арнайы сертификаты беріледі. Ал журналистерге аптасына үш рет сабақ беріп жүрген Неше Йылдырым ханым Алматыға Түркиядан арнайы келген ұстаз. Түрік қызымен болған сыр-сұхбатымызды сіз де оқи отырыңыз.
– Елден жырақта жүргеніңізге қанша жыл болды, кімді көбірек сағынасыз?
– Менің Ахмет Яссауи университетінде түрік тілінен сабақ беріп жүргеніме екі жарым жыл болды. Былтырғы қарашадан бері Алматы Еуразиялық зерттеулер институтында дәрісімді жалғастырып жүрмін. Сағынатын адамдарым аз емес. Себебі, қазір отбасымнан, ағайын-туыс, достарымнан, студенттерімнен алыстамын. Мен бұған дейін Ыстанбұлда жұмыс істегенмін. Ел жақтағы ортамды, әсіресе кітап клубындағы пікірлес, рухтас достарымды және қандай тақырыпта болсын емін-еркін, тосылмай, ашық сөйлесетін замандастарымды сағындым. Бәрінен де мені уайымдап, үнемі алаңдап, тілеуімді тілеп отыратын анамды сағынамын.
– Алматыға бірінші рет келуіңіз бе? Біздің қалада сізді ең бірінші баурап алған не? Керісінше, не ұнамады?
– Алматыға, бұл — екінші сапарым. Табиғатты қатты жақсы көретіндіктен болар, назарыма бірден жасыл желекті әдемі ағаштар ілікті. Шаһар бейне орман ішіне тұрғызылғандай. Қала аса үлкен емес дер едім, бірақ тұрғыны көп. Дегенмен, үлкен болмаса да, іздегеніңіздің бәрі табыла кететін жер. Барлық жол сызғышпен сызылғандай түп-түзу, бір-бірімен қиылыса кетеді. Сондықтан сіздің адасып кетуіңіз мүмкін емес. Алматы көшелері мен үшін қауіпсіз, жайлы атмосфераны сезінемін. Мен мұнда өзімді бөтен сезінбеймін. Әрине, бұған екі халықтың адами қасиеттерінің де ықпалы бар шығар деп ойлаймын. Осыншама жасыл желекке оранғанына қарамастан, қала ауасының таза еместігіне таңданамын. Маған осы тынысыңды тарылта түсетін лас ауа ұнаңқырамайды. Бұл мәселе тезірек шешіліп, жасыл Алматы өзіне лайықты таза ауаға ие болады деп сенемін. Айтпақшы, сөз орайы келіп тұрғанда тағы бір мәселені айта кетейін. Кейбір риэлторлар пәтер іздеп жүргендер шетелдік екенін білсе, үйді көрсетпей жатып ақшасын алдын ала алып қойып, тақырға отырғызып кетіп жатады. Бұл да ескерілуге тиіс мәселе деп ойлаймын.
– Біздің Алматыдан дос таптыңыз ба? Адамдармен қарым-қатынаста неге көбірек мән бересіз?
– Мен ересектерге сабақ беретіндіктен, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстан гөрі көбімен достық, сыйластық қарым-қатынастамын. Мәдениетті, білімді шәкірттерім көп. Мен олармен сөйлескенді ұнатамын. Адамдармен қарым-қатынаста шынайылыққа аса мән беремін. Көлгірсу, екіжүзділік мүлдем ұнамайды. Мен идеясы, ойы, көзқарасы мүлдем басқа жандармен де араласа беремін, өйткені ол адамды дамытады. Тек бір-бірімізге шынайы болсақ сол жетіп жатыр. Мәулана Жалаладдин Румидің «Қандай болсаң, солай көрін. Қалай көрінсең, сондай бол» деген тәмсілі маған ұнайды.
– Қазақстанның қай өңірлерінде болдыңыз? Қазақ ұлтының қандай қасиеті ерекше тәнті етті?
– Түркістан мен Шымкент қалаларында болдым. Ахмет Ясауи мазарына барғанда қатты әсерленгенім есімде. Кесене төңірегінде қуаты күшті рухани аура бар, маған ол қатты сезіліп, ерекше күйге бөленемін. Дегенмен, мені Алматының табиғаты мен биік таулары көбірек баурап алды. Қазақтың жеті атаны жатқа біліп, сол құндылықты құрметтейтінді жанды тербейді.
– Арманның бәрі жүрегімізге бала шақтан құндақталады ғой. Бала күнгі арманыңыз орындалды ма?
– Бастауыш сыныпта оқып жүргенде мұғалім болуды армандадым. Иә, ол орындалды. Содан кейін әлеуметтану саласын меңгергім келді, оған да қол жеткіздім. Бірақ журналист болсам деген арманыма қолым жетпей қалды. Қазір журналистерге түрік тілінен сабақ беремін. Сондықтан өзімді осы арманыма ішінара жақын жүргендей сезінемін.
–    Өміріңіздегі ең ұмытылмас сыйлық?
– Менде сыйлық күту, дәмету деген ұғым жоқ десем де болады. Сондықтан сауалыңызға нақты қалай жауап берерімді білмей отырмын.
Осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға. Жақсы жүзетін досым теңіз түбіне сүңгіп кетті де, біразға дейін жоқ болып кетті. Сөйтсе, теңіз түбінен көп етіп теңіз қабыршақтарын жинап алып шығыпты. Солардан маған әдемі алқа түзіп, сыйлыққа бергені бар. Толқыған теңіз астынан алып шығу дегеніңіз асқан күшті талап ететіні сөзсіз. Сондықтан да ол сыйлық мен үшін бағалы болды. Ал таяуда бір әріптесім қол шамын сыйға тартты. Мұны алғашында мүлдем түсінбей қалдым. Мәнісін кейінірек ұқтым. Бірде мен әңгіме барысында әйгілі философ Диогеннің күндіз қолында шам ұстап көше кезіп жүргенде, сұрағандарға «Мен адам іздеп жүрмін» деп жауап бергені туралы айтқаным бар екен. Сол оқиға есінде қалған болуы керек, маған қол шамын сыйлапты. Бұл да көңілге жылылық беретін сәт.
– Қазір алдыңызда өмірге енді ғана қанат қаққалы тұрған кешегі жасөспірім Нeше отырса, оған бүгінгі ойы толысқан Нeше қандай кеңес айтқан болар еді?
– Сізге үйренетін нәрсе көп. Алда ұзақ жол жатыр. Уақыт өте құнды. Даму мүмкіндіктерін жіберіп алмаңыз. Сізді барлық жағынан да биіктететін ортада болыңыз. Өзіңіздің қадіріңізді біліңіз және ең бастысы – қандай жағдайда да жақсы адам болып қалу керектігін есте сақтаңыз.

Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА,
журналист

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы