• Шаңырақ
  • 16 Наурыз, 2024

Сахнада – «Сұлтан Бейбарыс»

Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті-Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы «Мamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахнаға шығарды. Аңызға айналған қолбасшының өмірі жайлы саундраманың премьерасы 2 күн қатарынан аншлагпен өтті. Қойылымның негізгі идеясы – заманауи жаңа формалар мен режиссерлік ұтымды шешімдерді қолдану арқылы Бейбарыстың адами болмысын ашу. 

Минәмжан АСИМОВ,
«Uiğur avazi» 

Жаугершілік заманда, бала күнінде тұтқынға алынған Бейбарыс өте епті, пысық бозбала болып өсті. 1246 жылы феодалдық қырқыстар кезінде сұлтан ас-Салих оның осы қасиеттерін бірден байқап, басқа мәмлүктермен қоса сұлтаннан тартып алып, өзінің жеке ұланындағы бір топқа сардар етіп тағайындады. Бірақ, Салих қайтыс болған соң оның ұлы Тұран шах пен мұрагері Айбек мәмлүктерге сенімдерін азайта бастады. Осы кезде Бейбарыс мәмлүктерден құтылуды көздеген Тұран шахқа қарсы қастандық ұйымдастырғандардың қатарында болып, оны өлтіруге қатысты. Жаңа сұлтан Му’иаз әд-Дин Айбек таққа отырысымен, қастандыққа қатысушыларды өлім жазасына бұйырды. Осыған байланысты Бейбарыс біраз уақыт бой тасалап, Сирияға кетуге мәжбүр болды. Мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін Бейбарыс Каирге қайта оралды.
Таққа отырған жаңа сұлтан Музаффар Сайф әд-Дин Құтыз Бейбарысқа Бағдатты алғаннан кейін Сирия мен Мысырды бағындыруға ұмтылған, Иранды билеген моңғол-түркілік Хулагу әулеті әскерлеріне қарсы жорыққа басшылық етуді тапсырады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста Бейбарыс өзінің ержүректігімен айрықша көзге түсті. Бейбарыстың жеңісіне іштарлық жасаған Құтыз сұлтан әмірлерге мол сый-сияпат жасап, оны елеусіз қалдырды. Осындай әділетсіздікке көне алмаған Бейбарыс басқа әмірлермен астыртын сөз байласып, Каирге қайтар жолда Құтыз сұлтанды өлтіреді. Әмірлер Бейбарысты Мысырдың сұлтаны деп жариялап, 1260 жылдың соңында Бейбарыс салтанатты түрде Каирге кіреді. 
Билікті қолға алған Бейбарыс әр қаланы күшейтіп, онда тұрақты әскер ұстады. Мемлекеттегі тәртіпті нығайтты, Сарай маңында орын алатын өзара қырқысуларды түпкілікті тоқтатты. Бейбарыстың дәуірінде Мысыр гүлденген елге айналды. Ішкі көтерілістер мен бүліктерді басу арқылы елдің іргесін мықтап бекітті. Заң саласында сұлтан Бейбарыс бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізеді.
Бейбарыс сұлтан дәрежесіне қол жеткізе салысымен алтынордалық хан Беркемен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Бұл одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталды. 
Сұлтан Бейбарыс 17 жылдай билік еткен кезде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгері дамыды. Ол өзінің қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп отырған.
Жат жерде аласапыран ғұмыр кешіп, өмір бойы туған жерін аңсап, сағынып өткен бабамыз жайлы кез келген көркем шығарма – бүгінгі ұлттық идеологияға зәру қазақ қоғамы үшін қымбат дүние. Сондықтан бүгінде әлемді аузына қаратып отырған Араб әмірліктерінің іргетасын бекіткен батыр бабамыз өмірінен сыр шертетін саундрама – біз үшін жетістік болса, «Алатаудай» жас театр үшін жаңа леп, тың бастама. Ерекше форматтағы әсерлі қойылымның режиссері Фархад Молдағали тарихта қалған Бейбарыстың тарихын ғана көрсетіп қоймай, оның бейнесін бүгінгі күнмен де үйлестіріп, ұтымды шешім жасап, театрдың шығармашылық құрамын жаңаша қырынан аша білді. Сценарийде саундраманың негізгі элементі болып саналатын этно-фольклорлық ансамбль мен хореографтардың жұмысына баса назар аударылған. Толассыз әрекет пен ырғаққа құралған спектакльге театрдың 74 әртісі, бишілер тобы және «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің 12 әншісі жұмылдырылған. 
Ал басты рольді сомдаған Әсет Есжан рөлге тосыннан келген актер емес, ол қазақтың Қанышы — академик Қаныш Сәтбаевтың бейнесін кинода сомдаған өнерпаз. Басты рөлдегі қаһарманымыз бен мәмлүк сарбаздар кейпіндегі жігіттердің айнадай сахна төрінде айбалтаны айқұш-ұйқыш ойнатып, найзаны оңды-солды лақтырып, еркін қозғалып жаттығулар жасап билеуі актерлік құрамның қойылымға асқан жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен келгені сезіліп тұр.

269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы