• Шаңырақ
  • 16 Наурыз, 2024

Күй – қазақтың жаны

Алматыдағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшелері биыл күйші, ақын-жазушылармен рухани кездесулер ұйымдастыру аясында «Талаптың мініп тұлпарын» атты жобаны іске асыруды қолға алған-ды. Шебер күйші, ҚР Мәдениет қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұстазы, доцент Мұрат Әбуғазымен өткен кездесу кеші жобаның бастамасы болды.
Шараның мақсаты оқырмандарды домбыра аспабы мен күйшілік өнерді зерттеген Мұрат Әбуғазының шығармашылығымен таныстыру және күйшінің өнерін дәріптеп, жас кітапханашылардың мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттыру болды. Кездесуді Қазақ зағиптар қоғамының жанынан құрылған, халықаралық байқаулардың лауреаты «Атамұра» халық-аспаптар ансамблі Бақтыбай Жолбарысұлының «Әуен» күйімен бастады. Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» да көңіл тербетті. 
Кешті жүргізген дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Бауыржан Құмарбеков: «Қазақ – өзінің ішкі дүниесін, сезімін күй арқылы жеткізген сезімтал халық. Ол ешкімнің бетіне әдейілеп айтып сөйлемеген, ойын астарлап жеткізген. Ал күйдің құдіреті ерекше. Бүгінгі қонағымыз күйдің жілігін шағып, майын ішкен азамат», деп бастаса, кітапхана қызметкерлері Захра Маханова, Салтанат Тілеукенова кеш қонағының шыққан тегі, өсу жолы, шәкірттері жайлы мәліметтер келтіріп, әңгіме тиегін күйшінің өзіне ұсынды. 
Мұрат Қазенұлы бұдан 50 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. Алматыдағы П.Чайковский атындағы училищені үздік тәмамдаған соң, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын танымал күйші Айтжан Тоқтағанның класынан оқып бітірген. Республикалық конкурстардың лауреаты. Бірнеше оқу-әдістемелік кітаптардың авторы. 
– Күй — атадан балаға мұра болып келе жатқан қасиетті өнер. Мен де бала жасымнан күйге әуестеніп өстім. Әкем қарапайым жұмысшы адам болды. Ол түс мезгілінде келіп, түстеніп алған соң домбырасын шертіп отыратын. Сол уақытта немесе кешкісін жұмыстан оралғанда аяқ астынан күй шығаратын. Күй деген – тылсым дүние ғой, ғайыптан келетін. Әкем: «Күй — еріккеннің ермегі емес, балам. Адамға тосын бір жағдайлар әсер етіп тебіренесің, сол кезде бір әуендер келеді. Егер сол әуенді ұстап қалсаң ол күй болады, ұстай алмасаң кетеді, оны қайтып қайтара алмайсың», дейтін. Ол кезде магнитофон деген жоқ, нота білмейміз. Әкеме күй келген кезде мені іздейді де, тауып әкелуге ағаларымды жұмсайды. Әкем күйін бастан-аяғына дейін үш-ақ рет тартады. Өйткені тоқтаса күйдің желісінен адасып қалады. Құрманғазы бір тартқанда Дина қағып алды емес пе?! Мен әкемнің күйін тыңдап отырып есте сақтауға тырысамын. Үш тартқанда қағып үлгеруім керек. Жас баламын ғой, есте сақтау қабілетім мықты, «болды, әке, ұмытпаймын» деймін де далаға жүгіріп кетем. Кешке әкем жұмыстан келген соң айна-қатесіз орындап берем. Шығармасы есіне түскен соң әкем оны дамытып, артық-кемін түзетіп, үлкен күйге айналдыратын. Әкемнің әуенді естуге үйреткен сол әдісінің пайдасын музыкалық училищесіне түскенімде көрдім, — деп, әкесінің «Бейбітшілік болсын халқыма» атты алғашқы күйін орындап берді. 
Мұраттың П.Чайковский атындағы училищеде оқып жүріп алғашқы байқауға қатысқан сәті LED-экраннан көрсетілді. 
– Иә, бұл сахнаға алғаш рет шыққан кезім. Ұстазым Қалдыгүл Рақышева мені әбден дайындап, бабыма келтірді. Ерболат Үсенов ағай 7-8 орындаушыны Ақтөбеге бастап апарды. Апай бір ішек пен тиекті қалтама салып берді. Оның не керегі бар екен деп ойладым. Поезда домбыраны дамылсыз тартып, күйлерді шалқытып отырмын. Бір кезде қатты бұрап жібергенімде домбырамның шегі үзіліп кетті. Негізі шек деген нәрсе оңайлықпен үзілмейді ғой, аңдап қарасам, түбінен біреу өткір затпен бір басып қойған екен. Байқау кезінде үзіліп кетіп, тарта алмай қалсын деген арам пиғылмен жасаса керек. Өнердегі бақталастық, көре алмаушылық дегенді сол сапарымда бірінші рет көріп сезіндім. Апайым берген жаңа шекті тартып жібердім де, ол созылып қалыптасқанша күйді тағы бораттым. Ертеңінде байқаудан оза шауып, екінші орынды жеңіп алдым, — деп күйші-ұстаз қызықты естеліктерімен бөлісті. Ол көпшілікке Тәттімбеттің күйін, маңғыстаулық Мырза күйшінің «Ташауыз» шығармасын орындап берді. Дарынды шәкірті Дастан Тоқтаровты ортаға шығарып, өрімтал өнерін көпке тамашалатты.
Бұдан соң Қазақстан Күйшілері одағының төрағасы Талап Қараш қонаққа деген ыстық лебізін білдіріп, оны күйімен сабақтады, ал Тарбағатайдан арнайы келген дәстүрлі әнші Мұратхан Донбаев «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуын» айтып, көрермен қошеметіне бөленді. 
Кеш соңында Мұрат Әбуғазы «Атамұра» ансамблімен бірге Сүгірдің «Ыңғай төгі» мен Нұрғисаның «Әлқисасын» бірге орындап, шабыт керуенін тағы бір шалқытты. 

Гүлжанат ШОНАБАЙ.
 

259 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы