• Шаңырақ
  • 12 Сәуір, 2024

Атажұртын аңсап келген ақын

Адам басына нелер келіп, нелер өтпейді дейсіз. Ол атажұртына жетуді ұзақ жылдар аңсады. Ақыры жетті. Туған жерін де ұмытқан жоқ, сағына еске алады.
Дәулетбек ағамен әңгімелесудің өзі бір ғанибет, әр сөзінен рухани азық аласың. Неге дейсіз ғой? Себебі Дәу-аға менің ата-бабамның тұяғы тиген жерден келгендіктен болар. Шығармаларын оқып, тарихи Отанымның аңқыған иісіне қанығамын. Оқырманға бейтаныс кейіпкерлерін көркем сөзбен суреттеп, бейнелеп бергеніне тәнті боламын. Ел табиғатына сүйсінемін. Ақынның туған жерін барып көру менің де арманым. Себебі әрқандай тау-тасы, орман-көлдері кейде түсіме енетіні сыр емес. Содан қолыма еріксіз қалам аламын да, жаза кетем...
Бүгін Дәулетбек Байтұрсынұлы туралы екі ауыз жылы сөз жазғым келгені содан. Бұл шағын мақалам — ақын, аудармашы, Түркі дүниесі ақындары жыр мүшәйрасының лауреаты, балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы алпыс жасты бағындырып отырғанына арналады.
2010 жылы Қазақстан Жазушылар одағына, бір әдеби іс-шараға барғаным есімде. Әдебиетіміздің ақсақал жазушысы Әхмәтжан аға Аширимен бірінші қабаттағы бөлмелердің біріне кірдік. Бұл «Ан-Арыс» баспасы екен. Ахаң бөлмеде бойы ұзын, жылы шырайлы, келіскен бір кісімен амандасып, орындыққа жайғасты. Одан кейін мені таныстырды. 
– Дәулетбек.
– Абдулжан.
Жаңа танысқан ақын аға қайтарда әлі баспаның сиясы кеппеген «Ләтипа лүпілі» атты жыр жинағын ізгі тілегін жазып, қолыма ұстатты. Содан бері әдеби ортада ағалы-іні болып, сыйласып келеміз. 
Д.Байтұрсынұлының шығармаларының ерекшелегі, еш боямасыз – шынайы, кейіпкерлері өзі көрген, өмірдегі кісілер. Мысалы, өзім аударған «Мейірім» шағын повесі Гүлсімхан деген әйел туралы. Аталған туынды «Уйғур авази» газетінде жарық көрді. Шығармамен танысқанда автордың жастайынан ұйғыр балаларымен бірге өскендігін, 9-сыныпта жүргенінде Гүлсімхан деген ұйғыр апаның үйінде жатып оқығанын, қолынан дәм тартқанын көреміз. Әсіресе, лағманын, мантысын жеп, еткен шайын ішкен кездерін суреттеуі оқырманға ерекше әсер қалдырады. Аталарының достары да ұйғыр кісілері болғаны туралы жазады ол.
Артынан «Несібелі апам» повесін аударып, оның да ұйғыр оқырмандарына жол тартуына мұрындық болдық. Ал, қаламгердің поэзиясына келетін болсақ, оның өлеңдерінде Ислам діні құндылықтары кеңінен сипатталады. Бұл да тегіннен емес. Кеңестік идеологияның кесірінен діннен шетінедік, ұлттық құндылықтарымыз ескерусіз қалды. Құдайға шүкір, қазір олардың орнын толтырып, түсініп келеміз. 
«Жер менен көктің, 
Он сегіз мың ғалам нұр – тағын,
Біз білген және білмейтін әлем ұнтағын.
Жаратқан жалғыз ең ұлы құдірет, 
 Ол – Аллаһ!
Осыны ойдан шығармай өссін ұрпағым!» – 
дейді ақын. 
Тарихи Отаны – Қазақстанға қоныстанған отыз жыл ішінде ұйғыр қаламгерлерімен тығыз әдеби байланыс орнатқанын о баста айттық. Бірнеше ақын-жазушылардың еңбектерін қазақ тілінде сөйлетті. Әуелі жазушы-драматург Ахметжан Аширидің, кейіннен жазушы Шайым Шаваев пен ақын Хуршида Илахунованың шығармаларын аударып, жарыққа шығуына себепші болды. Тәжірибелі аудармашы бұнымен ғана тоқтаған жоқ. Мәсүмжан Зулпиқаров, Абдумежит Дөләтов қатарлы көрнекті ұйғыр ақындардың өлеңдерін, Әхмәтжан Ашири мен Дүрнәм Мәшүрованың романдарын қазақшалады. Патигүл Мәхсәтованың өлеңдер жинағын, Авут Мәсимовтың әңгіме-повестерін, драматург Әкрам Әхметовтың пьесасын, мемлекет және қоғам қайраткері Шәймәрдан Нурумовтың әңгіме және публицистикалық мақалалар жинағын тәржімалады. Осы шығармалар жеке-жеке кітап болып, оқырман қолына жетті. Бұдан басқа Тельман Нурахуновтың, Рәхмәтжан Йүсүповтың, тағы басқа ғалымдардың әр тақырыптағы мақалаларын қазақшаға аударып баспасөзде жариялауы әдеби достықтың – мәңгілік достық екеніне дәлел бола алады. Осындай қажырлы еңбектері бағаланып, елімізге танымал кәсіпкер, меценат Дилмурат Кузиев бекіткен «Ильхам» сыйлығымен марапатталғаны ұйғыр жұртшылығына болған жанашырлығының бір алғысы деп қарауға болады. 
Ақынға негізі атақ-абырой қажет емес-ау. Бізше болғанда, ең жоғарғы марапат – бұқара халықтың ілтипаты, аңсаған армандарының орындалуы. Алпыстың асуына жеткен Дәулетбек ағаның атажұртына қоныстанып, әдеби мұхитта еркін жүзуі, оның негізгі армандарының бірі. Мен ақын-жанның шығармашылығына қызығып қарайтын інісі ретінде, келешек шабыт-сандығының олжалы болғанын тілеймін!
Абдулжан АЗНИБАҚИЕВ.

683 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы