• Шаңырақ
  • 12 Сәуір, 2024

Достыққа адалдық

Шәмшидин АЮПОВ, 
«Uiğur avazi»
 
 Қазақ және ұйғыр зиялылары арасында жаны жайсаң достар өте көп болды. Сондай достардың бірегейі деп академиктер Ғожахмет Садуақасов пен Серік Қирабаевты айтқан болар едім. Екі ғалымның сөзі де, өзі де дос боларлықтай байсалды, байыпты жандар еді. «Ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар ғой, Серік Қирабаевтің ғылым жолындағы әріптесі Ғожахмет Садуақасов туралы жазған естеліктерін оқыған соң осындай ой түйдім. Достықты серік еткен академиктің жазғаны бүгінде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. 
«...біз үлкенді-кішілі ұрпақ араласып оқыдық. Кеудесі орден-медальдарға толы, кейбірі Кеңес Одағының Батыры жұлдызын тағып, мектептен жаңа шыққан жастардың ортасына кірді. Орыс, қазақ, ұйғыр деп бөлінбей, соғыстың ауыртпалығын біртұтас ынтымақпен көтеріп шыққан халықтардың жастары бірге жаңа өмірге қадам басты. Бізбен туыстас ұйғыр балалары көп оқыды. Алматыдағы жоғары оқу орындарының қай-қайсысын алсаңыз да, олар жиі кездесетін. Аз халықтың балалары басқа ұлттар өкілдерімен қанаттасып, аз уақыттың ішінде жетілді. Кейін солардың ортасынан Құдыс Қожамияров сияқты композитор, Ғазиз Дугашев сияқты дирижер, Ғожахмет Садуақасов сияқты атақты ғалым, Хизмет Абдуллин сияқты талантты жазушылар өсіп шықты. Басқаларға қарағанда, қазақтарға ең жақыны осы ұйғырлар еді. Институт бітірер кезде ұйғыр қыздарының қазақ жігіттеріне күйеуге шыққандары да көп болды. Қазақтың Педагогикалық институтының физмат факультетінде бізбен қатарлас оқыған Рахат Айсабақиева менің жерлесім,Тау-кен институтының (кейін политехникалық институты болған, қазіргі Сатпаев атындағы техникалық университет) түлегі Рамазан Сәлімбаевқа еріп, Қарағандыға кетті. Оның жолдасы Азатгүл Исмаилова қазақтың белгілі бишісі, опера театрының балетмейстері Дәурен Әбировқа шықты. Солармен қатар оқып, кейін қазақ ғылымы мен мәдениеті саласында қанаттас қызмет істегенімізді біз мақтан тұттық. Құдыс, Хизмет, Ғожахмет үшеуі бірдей қайтыс болған тұста біздің де бүтініміз ортайып, шын жүдеп қалып едік. Бауыр халықтың атақты адамдары мезгілсіз кеткеніне бірге қайғырдық. 
Солардың маған ең жақыны Ғожахмет еді. Онымен біз студенттік өмірімізді бірге өткізіп, жатақхананың қара нанын бөлісіп жеген достар едік. Бір қара нанды ғана бөлісіп қоймай, қазақ, ұйғыр тамақтарының дәмін де бір-бірімізден ауысып татыстық. Қазақшаны өте жақсы сөйлейтін Ғожахметтің ұйғыр екенін мен алғашқы кезде аңғармай да жүрдім. Оның ұйғыр балаларымен жиі араласатынын көріп, бір күні «Сенің ұйғырлармен қандай байланысың бар?» - деп сұрағаным да бар... Институт бітірген соң Ғожахмет Ғылым академиясына кетті, аспирантураға түсті. Содан кейінгі өсу жолы көпке мәлім. Ғылым докторы атағын алды. Ғылым академиясының коррреспондент-мүшелігіне сайланды. Қорыта айтқанда, Ғожахмет өз ұлтынан шыққан бірінші түрколог-академик.
...Дүниеге кең көзбен қарайтын ол өсек-аяң, көре алмаушылық, күншілдік, мансапқұмарлық дегендерден тым алыс жүретін. Өзіне лайық, жарастықты отбасы құрды. Біз оқып жүрген кезде университетте оқитын қыздарының бірі Омақ Ғожекеңе жар болды. Ол да, балалары да, қазақ достарымен еркін, кең қарым-қатынас жасайтын, қонақжай жандар болды. Омақ Ғожекең өмірден өткеннен кейін үлкен азаматтық танытып, жарының артын күте білді. Ақ жарқын, жайсаң достың тұлғасы ешқашан естен шықпайтыны даусыз...».
Міне, осындай екі бауырлас ұлттың екі ірі тұлғасы, академигі көңілдің төрінен орын алған адал достар бола білді. Міне, осындай өмірде көпке үлгі бола алатын ірі тұлғалар қатарына сөзсіз С.Қирабаев пен Ғ.Садуақасовты жатқызуға болады. 
Қазақтың көрнекті жазушысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Баспа және полиграфия ісінің үздігі, марқұм Дидахмет Әшімханұлы халықтар достығы туралы сөз қозғала қалса, Оралхан Бөкеевтің мына бір керемет сөзін үнемі мысал ретінде айтатын: «Халықтар достығы дегеніміз — әртістің жеке орындайтын әні емес, ол симфониялы оркестр. Оның құрамында барабан да, дойра да, домбыра мен дутар да, сырнай да бар. Олар бірлесіп бір музыканы—достық музыкасын орындайды». Не деген орынды және дұрыс айтылған пікір. Бүгін біз - барлық түркітілдес халықтар, осындай тура жолмен жүргеніміз абзал. Жалғыз барабанмен симфониялық оркестрді құра алмаймыз. «Досы көпті жау алмас» деген мақал бар. Қазақ пен ұйғырдің достығы мәңгілік достық болсын!», - деп, Дидағаңның рухы көтеріліп, көңілі қанаттанып кететін. 
Мен де бүгін қазақ халқының ірі тұлғасы, Серік Қирабаевтың ұйғыр ұлтынан шыққан біртуар түркітанушы ғалым Ғожахмет Садуақасов туралы жазған жағымды пікірлерін оқып шыққаннан кейін бір шаттандым...
 

600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы