• Шаңырақ
  • 18 Сәуір, 2024

Бәрі өз қолымызда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен III Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің қоғам қызу талқыға ие болып жатқандығын жақсы білеміз.Президент атап өткендей алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы, өзгерістер барлық салада болып жатыр.
Осы жолғы алқалы жиында да халықтың ойында жүрген өзекті мәселелерге және көптеген қоғамда болып жатқан жайттарға арнайы назар аударылып, біраз ұсыныстар айтылғанын жақсы білеміз.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қоғамдық консолидация және жалпыұлттық құндылықтарды одан әрі дамыту жайына басымдық берді. 
Ең бірінші сөз болған мәселе тарихи танымымызды ортақ мақсатқа ұйыстыру мен береке-бірлігімізді сақтаудағы зиялы қауым өкілдерінің орны мен ауызбіршілігі. Ұлттың дамуының әр кезеңіне сай зиялы қауым да түрлі миссияны жүзеге асыруды мақсат етіп қояды. 
Елдің идеологиясы мықты болса, адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруына себепші болады. Егер олардың тұрмыс деңгейі жоғары болса, әр азаматтың ынталы түрде жұмыс істеп, ел экономикасының көтерілуіне ықпал ететіні анық. Содан болар, келелі жиын «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты аса маңызды үш тағанға сүйенген тақырыпта өтті.
Бұдан бөлек жалпақ тілмен айтқанда жөнсіз ескерткіш салмау, ономастика саласын жетілдіру, қазақ тілінің қолдану аясын күшейту, кітапханаларды жаңғырту, бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау, ұлттық бірегейлігімізді нығайту, дәстүрлі дінге ден қою, дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыру, мемлекеттік рәміздерге қатысты түрлі көзқарас пен пікірлерді ескере отырып жаңғырту, сондай-ақ қазіргі қоғамның, соның ішінде жастардың дертіне айналып, ушығып бара жатқан нашақорлыққа, өзге де синтетикалық заттарды қолдануға, лудоманияға қатысты жұмыстарды күшейту, қазіргі уақыттағы қатерлі үрдістер тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессияға, вандализмге қарсы бағытталған шараларды күшейту, азаматтардың арасында мәдениеттілік пен жауапкершілікті қалыптастыруға көңіл бөлуге шақырды. Ұлттық құрылтайда тек мәдени-гуманитарлық және идеологиялық бағдарлар сөз болған жоқ, онда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін қажетті экономикалық сипаттағы міндеттердің бағдары айқындалды.
Атап айтқанда инфрақұрылымды, инженерлік жүйелерді жаңғырту, баспана мәселесін шешу, жол салу және оны жөндеу жұмыстары, газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыру, экономиканы дәйекті дамыту үшін еліміздің бәсекедегі артықшылықтарын түгел пайдалану, IT-технологияларды дамыту, бюджет қаржысын үнемдеу мәселелеріне ерекше тоқталып, экономикалық көрсеткіштердің негізгі факторы — адам капиталын дамыту жайын саралады.
Өркениетті елдерде — адамның басы мен ісіне қарайды дейді, осы тұста, Ыбырай Алтынсариннің «Қашанда бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, одан соң қолыңызды жұмылдырыңыз, егер де ақылыңыз дұрыс десе, көзіңіз көріп, жөнін тауып мақұл көрсе, сонда ғана қолыңызға ерік беріңіз» деген сөзі есіме түсіп отыр.
Олай болса, алдағы асулар мен белестерді бағындыру тек өз қолымызда екендігін ұмытпайық.

Бекет АХМЕТОВ,
Еңбекшіқазақ аудандық 
мәслихатының төрағасы 
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы

684 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы