• Шаңырақ
  • 08 Мамыр, 2024

Абыройлы азамат

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Әрбір ұлтқа өз діни наным-сенімін ұстанып, өз тілінде сөйлеп, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрін сақтауға жағдай жасалған. Қазақ топырағында туып, қазақы ортада өсіп-өнген өзге этнос өкілдерінің арасында қазақша мақалдап сөйлеп, өлеңдерді жатқа оқып, тек қазақ тілінде сөйлеп жүргендер көп емес. Бүгін біз қазақ топырағында туып, қазақы ортада өсіп-өнген, қазақша өлеңдерді жатқа оқып, мақалдап сөйлеп жүрген Анар Мехти-оглы Мустафаев туралы айтамыз.
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемесінде абыройлы қызмет етіп жүрген Анар Мехти-оглы Грузия жерінде, Дманинский ауданында дүниеге келген. Әкесі – әзірбайжан, анасы – қазақ, Қызылорда қаласының тумасы. 
Алматы қаласындағы Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын заңтану мамандығы бойынша және магистратурасын бітірген. Анар Мехти-оглы қазақ тілінде білім алған. Сондықтан еркін сөйлейді. Тіл тұрғысында өткен талай жарысқа қатысып, топ жарған азамат. Алғашқы еңбек жолын өз қалауымен қылмыстық атқару жүйесінен, яғни Алматы облысы бойынша түрлі түзеу мекемелерінде Режим және күзет бөлімінің бақылаушысы, тәрбие бөлімінде тәрбиеші маман, тәрбиеші және теолог-маман болып еңбек етті. Ал қазір жасөспірімдер колониясында Режим және күзет бөлімінің, мекеме бастығының кезекші көмекшісі деген абыройлы лауазымы бар.
Әділет майоры Анар Мустафаев бөліміндегі қызметкерлердің жүйелі, тыңғылықты, нақты жұмыс атқаруына ерекше көңіл бөледі. Сондықтан да 13 жылдық тәжірбиесі бар азамат бүкіл ұжым алдында беделді. Мекемеге жаңадан келген тыңдаушыларға да тәлімгер ретінде білгенімен бөлісіп, жол көрсетіп отырады.
Темірдей тәртіпке төселген офицер мінсіз еңбегі үшін Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесінде ҚР-ның «Полиция» төсбелгісімен марапатталған. 
Әріптестері Анар Мехти-оглының бойынан үнемі жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат көретінін айтады. Үлгілі отағасы, мейірімді әке. Оның қызы мен ұлы да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Отбасында қазақы салт-дәстүрге де ерекше мән беріледі.
 Қарапайым бақылаушыдан мекеме бастығының кезекші көмекшісіне дейінгі дәрежеге көтерілген азаматтың алар асуы әлі алда деп білеміз. Алматының тыныштығына, қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген жігіттің өмір жолы, ұстанымы жастарға үлгі болары сөзсіз.

Нұржамал ӘЛІШЕВА,
журналист

132 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы