• Шаңырақ
  • 08 Мамыр, 2024

Базарбек ағаның базарлығы

Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтып кеткендей, технология тетіктері қарқындап дамыған бүгінгі күнде де газетқұмар қауым үшін оның маңыздылығы төмендеген жоқ. Журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін 17 жыл аудандық «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет еттім. Әлі есімде, Баспасөз күні газетімізге және ұжымымызға құрмет көрсетіп редакцияға келетін адамдар көп болатын. Солардың ішінде Есік қаласының тұрғыны Базарбек аға КЕСІКБАЕВ жыл сайын әрбір газет қызметкеріне атаған сыйлығын алып жететін. Бұдан 10 жыл бұрын республикалық «Уйғур авази» газетіне ауыстым. Содан бері ағаны көрмеппін. Бізге, сол кезде журналист ретінде «тәй-тәй» басқан жастарға әкеміздей қамқорлық танытқан кісіні іштей сағынып жүргенім, рас. Жақында оның қызы Нұршатты кездестіріп қалдым. Әкесінің қалын сұрап, қазіргі мекен-жайын біліп, оны туған ауылы – Өрнекке іздеп бардық. Ауылдағы қоғамдық істердің белсендісі Маһинур Тохтахунова бізге жол көрсетті. Айтуынша, ауылдағы көп жұмыс осы ақсақалдың ақыл көрсетуімен жүзеге асады екен. 

Рашидәм РӘҺМАНОВА,
«Uiğur avazi»

 Мақала кейіпкеріміз – төрт қыз өсірген ардақты әке. Базарбек аға жұбайы зейнеткер-ұстаз Гүлзағира әпке екеуі оларға жақсы тәрбие берді. Бәрін қияға қондырды. Сексеннің сеңгіріндегі қариялар зейнетке шыққаннан кейін Өрнекке көшіп келіпті. Мұнда кенже қызы Назгүл және немерелерімен тұрады екен. Тәрбиелі, «қариясы бар елдің қазынасы бар» дегенді үстанған ұрпағы әке-анасын төрге шығарып, олардың ақылын тыңдап өмір сүруде.
– Біз соғыс жылдары туған екенбіз. Ауылдағы әр ұлттың балалары: мен, Әдилбай (кезінде аудандық мәслихаттың төрағасы болған Талқанбаевты айтады, Р.Р.), Мәһәммәтжан (Ішкі істер басқармасының запастағы майоры Жанбақиев), Сапаш, Лечо тағы басқалармен бірге өстік. Өткен ғасырдың 50 жылдары Өрнекте екі бөлмелі мектебіміз болатын. Бірінде бастауыш, екіншісінде орта сыныптары білім алатын. Үстел, парта ол кезде қайдан дейсің? Еденге жатып алып, сабақ оқитынбыз. Электр қуаты деген де жоқ. Үй тапсырмасын орындау үшін кесені төңкереміз де шүпіректі қойдың майына салып, жағып қоямыз. Автобус та жоқ ол кездері. Қар, жаңбыр жаума, бәрібір. Сабақтан қалмайтынбыз. Қазір де Өрнектің балалары Еңбек ауылына қатынап оқиды. Ауылымызда әлі орта мектеп салынған жоқ. Қарап тұрсаң, бірде автобус сынады, бірге жүргізуші ауырып қалады. Тағысын тағы... Әйтеуір, қарап тұрсаң, немерелер сылтаулатып, мектепке бармаудың жолын іздейді. Жақында жастар мешіт салайық деген ұсыныс көтерді. Мен орнымнан тұрып: «Мектеп салайық, оның құрылысына бір сиырымды берем» дедім, – дейді ақсақал өткен күндерін еске алып.
Біраз ойланып отырған Базарбек аға әңгімесін жалғастырды:
– Біз 7 жасымыздан алқапта жұмыс істедік. Мен үшінші сыныпта оқып жүріп, ат арбасын айдадым. Үлкендер жағамнан алып, атқа отырғызады да, айдап жібереді. Ауылға арбамен дән таситынмын. Қазір ауыл тұрғындары сиыр ұстамайды, тандырда нанды да өздері пісірмейді. Шеттен жалқау болып кеткен бе бұлар? деймін.
Ол кездегі ауылдастардың достығы мен ынтымағын айтсаңшы?! Ең бастысы, ешкім ешкімді бөліп, жармайтын. Мынау тұрған үйді көпшілік болып бірге салған едік. Тек менің ғана емес, көп отбасын бірге үйлі еттік. Мен ол кезде тракторист болып істеп жүрген кезім. Баста айтқанымдай, сенбі-жексенбі жоқ. Дем алмай, жұмыс атқарамыз. Күніне үш рубль табамын. Әлі есімде, ауылымызда Межит ака деген шофер ағамыз болатын. Самосвал «Газ» мәшинесін айдайтын. Үш рубльден бірнеше мәшине ұнталған тас әкеп берді. Кешкісін жігіттер жиналып, бірнеше күнде жер қазылып, үйдің іргетасы қаланды. Кейін топырақтан кірпіш жасадық. Бір ерекшелігі, ол кезде тек ұйғыр жігіттері ғана кірпіш тізіп, үй қабырғаларын көтеретін. Басқаларымыз кірпіш таситынбыз. Сөйтіп, «колхоз болып», шатырды да бірге жаптық, еденді де бірге төседік. Ең қиыны еден төсеу еді. Себебі ағашы қалың болатын. Бүгінгідей мол дастархан қайдан ол кезде. Бір тауықты сойып берем, шешем марқұм кеспе жасайды. Жұмысты бітіріп, бәріміз әзілдесіп-күліп отырып, тамақ ішеміз де үйлерімізге тараймыз. Қазірге дейін бәріне іштей рахмет айтамын. Бірігіп салған үй әлі тұр. Тек заманға лайық етіп, жөндеп қойдық. 
Базарбек аға зейнетке шыққанға дейін көп жерде қызметте болды. Өткен ғасырдың 70 жылдары «Еңбекшіқазақ» газетінде жүргізуші болып істеген екен. Журналистерге деген сыйластығы сол кезден басталыпты. Әңгіме барысында ол Абдуманап Амитахунов, Мухтәр Абдурахманов секілді ондаған танымал адамдардың есімдерін атап, олармен бірге өткізген жастық шақтарын есіне түсірді. Достарымен өткізген бақытты сәттерін еске алуға себепші болған бізге де рахметін айтып үлгерді. 
Жасы сексеннен асса да, қиын, бірақ қызық өткен өмірінде жинаған мол тәжірибесінен жастарға жол көрсетіп келе жатқан қариялар бұл жолы да бізді құр қол жібермеді. Жұбайы қолдың сүті мен тәттілерін салса, өзі аталық батасын берді. Әдемі қартайған Базарбек аға мен Гүлзағира әпкемізге зор денсаулық пен қажымас қайрат тілеп, қоштастық.

Еңбекшіқазақ ауданы,
Алматы облысы

135 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы