• Шаңырақ
  • 08 Мамыр, 2024

Мейірім

Қай кезде де, шет мемлекеттерде болған кезде де, достықтың ұясы Отаны болған туған жеріміз — Қазақстандағы бейбіт заманды мақтан тұтамыз. Ал бейбіт заманды орнатушылар – өзіміз, елдегі жақсы адамдар. 
Осы орайда мен Алматыда көрші болған Абдурашид аға мен Дүнген атаны есіме аламын. Ұлттық тәрбиенің ықпалымен біз бұл аталардың есімдерін де сұрамаған екенбіз. Тек өзімізге деген ілтипаты, мейірімділігі үшін біреуін – «Ұйғыр ата», екінші атаны «Дүнген ата» деп кеттік. Екеуімен де қазақша сөйлесеміз. Ұйғыр атаның аты Абдурашид екенін кейін білдік. Бірақ ол біз үшін әлі күнге дейін «Ұйғыр ата». Себебі Абдурашид ағаны туыстас, бауырлас ұйғыр халқының жиынтық бейнесі ретінде қабылдадық. Дүнген ата да солай. Әйтеуір, оның әйелінің аты Айша, онда да сөз арасында айтылып қалған еді. Білуімше, көрші үйдің тұрғыны Дүнген ата әлі бар болуы керек. Аман болсын. Ол кісінің үш қызы да қазақ жігітімен тұрмыс құрған. Жиендерін ойнатып жүрген Дүнген атамен әңгіме-дүкен құрып, парасатты адаммен болатын сұхбаттың жақсылығын сезіндік. 
Ал, Абдурашид аға көзден кетсе де, көңілден кетпейді. Ол кісі біз тұрған көпқабатты үйдің екінші қабатында тұратын. Қызым балабақшаға, кейін мектепке барғанында, ағаның отбасымен туыстардай араластық. Абдурашид аға менің сәбиімді көрген күннен-ақ оған жақсы сөздерін аяған емес. Нұрлыжанның есімін ұмытып қалып, Ақылжан деп ат қойып алды. Әр көргенде: «Ақылы көп қыз – Ақылжан», – деп қазақи қалжыңмен мейірлене басынан сипайтын. Бізбен ылғи амандасып, қал-жағдай сұрасып, қызыма аталық мейірімін төгіп, айналып-толғанып тұратын. 
Жақсы адамды бала да таниды ғой. Кей кездері кішкентай қызымды көршіге тастауға тура келді. Сондайда ол басқа көршіге емес, Абдурашид атасына барғанды қалайтын. 
–    Ата екеуміз кейде лагман дайындайтын едік, – деп еске алатыны бар оның. 
–    Е, сен өзің кішкентай болып, лагман дайындауға қалай көмектестің? – деймін баланы сөйлеткім келіп.
–    Ата ұрсып немесе «Мынаны істе!» деп, бұйрықпен айтпайды. Ол әрдайым ойнақы сөйлеп, адамды күлдіре отырып, лагманды қалай созуды көрсетеді. Ұйғыр атаның әйелі де жақсы кісі. Мен үшін шай қойып, алдыма тамақ әкеліп, «Мамаң келгенше, қарның ашып қалмасын» дейтін. 
Абдурашид аға жасы сексеннен асса да, таңмен тұрып, «Сарыарқа» ауданындағы бақта жүгірумен айналысушы еді. Бір әңгімесінде мамандығы – провизор, яғни дәріхана қызметкері болғанын айтқан. Ал әйелі математика пәнінің мұғалімі болыпты. Бұл кісі әлі бар. Жарқын жүзді апаны «Ұйғыр атаның әйелі» деп атаймыз. Бізде ешқашан ұлтқа бөлінушілік болған емес. «Ұйғыр ата», «Ұйғыр атаның әйелі», «Ұйғыр атаның қызы» деген сөз тұрақты қолданыста болды. Осы сөзбен-ақ туыстас екі халықтың арасындағы ілтипат сезілетін. 
Біз 2012 жылы Алматыдан Астанаға көштік. Кейін арада жылдар өтті, Нұрлыжан Ұйғыр атаның қайтыс болғанын аулада бірге ойнаған құрбысынан естіпті, қатты қайғырды. Өзі жақсы көретін атасының енді жоқтығы жанына батты. Ол кісінің жақсы адам екенін ұзақ уақыт айтып жүрді. Қызым бұл күнде жиырма екі жаста. Бірақ әлі Ұйғыр атаны да, Дүнген атаны да ұмытпай, еске алып отырады. Ұйғыр атаның қызы – Айкизир Гаитова, әйтеуір, соны білемін. Ол шетелге кеткенінде, жақсы отбасының ұрпағы ретінде тілектес болдық. 
Есіме бір жағдай түсіп отыр, бірде үй арасымен келе жатсам, Дүнген атаның әйелі: 
–    Бүгін анамның аруағына арнап, шелпек пісіріп едім, оны түсінетін адамға беру керек қой деген оймен сізді күтіп тұрмын, – деген. Иә, біз бір атаның баласындай бір-бірімізге деген ілтипатты бағалаймыз. Осындай достығы жарасқан Қазақстан, сөздің шыны керек, әлемге үлгі. Қазақстанды бейбітшілік ұя салған зиялы орта, адамдары мейірімді ел ретінде таниды. 
Маған Алматыда тұрған кездер жиі еске түседі. Ол жаққа жол түскенде, өзіміздің аулаға міндетті түрде барамыз. Жақсы көрші — саяң, демекші, тату тұрған көршілерімізді көріп, ақ дастарқандарынан дәм татып, бір-бірімізге деген жақсы сөздерімізді арнаймыз, құшақтасып, «Келесі кездесуге дейін аман болыңыздар», деген тілегімізді айтамыз. Бұл – достық, мейірім, бейбіт заманның үлгісі! Елімізде тек осындай жақсы адамдар көп болса екен. 
Республикалық «Uiğur avazi» газетінің бір бетті қазақ тілінде шығаруы көңіліме қуаныш сыйлады. Рақмет. Достықты қадірлеу – мемлекетті сыйлаудан, мемлекеттік тілді қадірлеуден бастау алады. Басылым редакциясына ризашылығымды білдіре отырып, еліміздің абыройын арттыруда еңбектері жемісті болуын тілеймін. Біз бақытты өмір, бейбіт заманда екенімізді түсініп, сол мақсатта бір болуымыз керек. 

Риза ӘЛМҰХАН, 
Қазақ ұлттық өнер университетінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы
 

129 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы