• Шаңырақ
  • 02 Мамыр, 2024

Ұлы дала тілі – мәңгілік ел тұғыры

Тіл — халқымыздың ең басты байлығы. Таңбалы тарихымыздың әр кезеңінде ұлттық мүддемізге қызмет етуші тілдің құдіреті әрқашан да жоғары. Оның қасиетін тану еліміздің әр азаматына жүктелген міндет. Тәуелсіздіктің тірегі саналатын қазақ тілінің қадір-қасиетін таныту мақсатында жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұлы дала тілі – мәңгілік ел тұғыры» атты Республикалық зияткерлік-танымдық олимпиада болып өтті. Олимпиаданың басты мақсаты: Еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білуі, халқымыздың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын тану деңгейін көтеру және мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту. Пәндік Олимпиада үш кезеңді қамтыды. Олар «Мамандықты дұрыс таңдау – жарқын болашақ кепілі», «Ұлт құндылығы тілінде, сөйле қазақ тілінде» және «Ұтқыр жауап» деп аталды.
 Бәйгеде бақ сынау үшін 47 студенттен өтінім түсіп, олардың 15-і алғашқы іріктеуден өтіп, бірінші кезеңге жолдама алды. Республикалық Олимпиадаға қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Тілдің құдіреті бірнеше ұлттардың басын қосып, оларды осы байқау арқылы бір арнаға тоғыстырды.
 Қазылар алқасы «Алатау» телеарнасы қазақ редакциясының бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» Олжас Уәлиев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЖОО дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Ешимов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту басқармасының зертхана меңгерушісі Жанар Әділбековалар қатысушылардың білім деңгейіне сараптама жасап, байқаудың әділ бағасын берді. Олар байқауға қатысушылардың сөйлеу шеберлігіне, тақырыпты ашу қабілетіне, мамандығы туралы баяндауына, грамматикалық сауаттылық деңгейіне, материалдың жүйелігі мен шығармашылық ізденісіне, сұрақтарға дұрыс және ұтымды жауап беруіне байланысты ұпай беру арқылы жеңімпаздарды анықтады. Олимпиаданың үш кезең бойынша қорытындысы шығарылып, өзінің айрықша дайындықпен келгендігін көрсете алған Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті Ангелина Кольчугина Бас жүлдені жеңіп алды. І дәрежелі дипломмен Ж.Тәшенов атындағы университеттің студенті Дарья Мацукова марапатталса, ІІ дәрежелі дипломмен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенті Кристина Шульга мен академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің студенті Ксения Стрельникова марапатталып, жеңімпаз атанды. Ал, ІІІ дәрежелі дипломды 3 студент — Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық-зерттеу университетінің студенті Даниил Паньков, Қазақ ұлттық университетінің студенті Арина Сорокина және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті Руслан Шмидт иеленді. Республикалық Олимпиада жоғары деңгейде өтті.
 Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттың ойлау қабілеті мен біліміне де байланысты екенін тағы бір көрсетті. «Мәңгілік ел» болып қалу үшін ғасырлар бoйы жинақтаған ұлттық, рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтап, тілімізді қорғай білуіміз керек. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз. 
«Адамға екі нәрсе тірек тегі, Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», деп Жүсіп Баласағұн айтқандай кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Тіл — өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі абыройы, ертеңгі кепілі. Қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз.

Рая ДӘРМЕНҚҰЛОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

38 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы