• Шаңырақ
  • 08 Мамыр, 2024

Сүйегі Сүмбеге жерленді

Ерлік – ешқашан өшпейді. Келесі жылы ерлікпен шайқасып, жеңіске жеткенімізге 80 жыл толады. Соғыс жылдары қолдарына қару алып, жаумен шайқасып, ерлік көрсеткен аталарымыз біздің мақтанышымыз. Жауды жеңіп, туған жеріне аман-есен оралғандар ел құрметіне бөленді. Бірақ, қаншама ана мен сүйген жары жолын тосып, Отан үшін мерт болған боздақтарымыз да аз емес. Олардың сүйектері соғыс даласында, жат жерде қалды. Әйтсе де, өмір бір орнында тұрмайды. Туған жердің топырағы бұйырған Сүйінбай Мазыбаевты Сүмбе ауылына Ресейдің Воронеж жерінен 4 жігіт әкеп, жерлеу рәсіміне қатысты. Сүйегі Сүмбеге жеткізілген Сүйінбай атамызға әке-шешесінің қасынан жер бұйырды. 
Сүмбе орта мектебінің 7 сынып оқушысы Назгүл Төребекова нағашы атасына арнап өлең жолдапты. Жас таланттың тырнақалды туындысын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 
Ақын қызымызға шығармашылық табыс тілеймін. Жерлес ақын әкелері Жарас Сәрсек пен Бақыт Беделханның жолдарын берсін.  
 Рая САРТОЛОВА, 
 Ұйғыр ауданы ардагер әжелер кеңесінің төрайымы 
 
Алматы облысы

Жауынгер атам

 (Соғыс ардагері Мазыбаев Сүйінбай Мазыбаевқа)

 Қанша жыл өтті, қанша күн,
 Қайғырдың, күйдің, қаусадың.
 Соғыста кетті қанша жан,
 Бақытын қиып, бал шағын.
 
 Соққанда жылдар сағатын,
 Таусылар демде тағатың.
 Қан кешкен сонау майданда,
 Ол менің атам болатын.
 
 Бата алып елден қауымнан,
 Қаймықпай қар мен жауыннан.
 Жауынгер атам сол кезде,
 Аттанып кеткен ауылдан.

 Қарсы да тұрып, қайранда,
 Оққа ұшып қанды майданда. 
 Ел үшін кеткен жан қиып,
 Қай жерде қалды, қай маңда?

 Отаны риза еріне
 Жау содан кеткен шегіне.
 Ал атам болса майданнан,
 Оралмай қалған еліне.

 Өкініш өртер өзекті,
 Сонша жыл неге тез өтті.
 Сағынған үйі үмітпен,
 Сабыла күтті кезекті.

 Қалады кеудем түйіле,
 Өтті ғой күндер күйіне.
 Ғасырға жуық уақытта,
 Оралды атам үйіне.

 Өзгерер өмір, сән құрып,
 Жылдар да өтер жаңғырып
 Ал атам елдің есінде,
 Қалады, сенем мәңгілік!

 Назгүл ТӨРЕБЕКОВА, 
 Сүмбе орта мектебінің 7-сынып оқушысы

 

721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы