• Шаңырақ
  • 08 Мамыр, 2024

Ол борышын адал атқарды

Түркістан облысы Келес ауданындағы Amanat партиясының филиалына жетекшілік ететін Ахмет Әбдіраманұлы Жұмабеков ауған соғысының ардагері. Өзім көптен бері білетін, тындырған істері ауыз толтырып айтуға тұратын азамат бүгінгі күнде қоғамдық жұмыстардан да қол үзген жоқ. Мемлекеттік қызметті ғана қанағат тұту соғыс көріп, өмірдің мәнін түсіне білген батыр азамат үшін жат ұғым. 

Минәмжан АСИМОВ,
«Uiğur avazi»

Әскерден оралған жігіт жас ұрпақтың отаншылдық сезімін оятып, патриоттық тәрбиеге баулуға бар күшін салып келді. 1999 жылы желтоқсанда «Сарыағаш аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің іргетасын қалап, он жылға жуық оған жетекшілік етті. Қоғамдық жұмыс барысында А.Жұмабековтің бастамасымен Сарыағаш қаласында және Келес ауданының орталығы Абай ауылында «Ардагерлер аллеясы» мен қаза болған ардагерлерге ескерткіш ашылғанынан хабарымыз бар. Сондай-ақ, Ауғанстанда қаза болған алты ардагердің оқыған мектептеріне батырлардың аттары жазылған мемориал тақтайшалар орнатылып, тағы екі ардагердің атына көше, мектептегі сынып бөлмесіне бір ардагердің аты берілген. Бұл үрдіс еліміздегі басқа да ауған ұйымдарының басшылары үшін үлгі болуға тиіс. Жас ұрпақ ауғанның отты жалынында шайқасқан аға-аталарының ерілігін мақтан тұтып, еске алуы керек.
Біздің кейіпкеріміз осыдан қырық жыл бұрын Таскескен ауылындағы С. Торайғыров атындағы орта мектепті бітіріп, Ташкент қаласындағы электр-техникалық байланыс институтының инженерлік факультетіне түседі. Бірінші курстан соң көктемде Ташкент қалалық әскери комиссариаты арқылы КСРО Қарулы Күштеріне әскери қызметке шақыртылады. Түркменстанның астанасы — Ашхабад қаласындағы сержанттар даярлайтын мотоатқыштар полкінің пулеметшілер ротасында оқу-жаттығу жиынынан өтіп, қазан айында Ауғанстан Демократиялық Республикасына аттанады.
Ауғанстанның Герат про­винциясындағы 101 мотоатқыштар полкінің бөлімше командирі болған сержант Жұмабеков интернационалдық борышын абыроймен өтеді. 6 рет жаудың көзін жою операцияларына және 12 рет жауынгерлік әскери жорыққа қатысқан. Ауғанстанда қызмет еткен көптеген сарбаздардың жауынгерлік қызметі бағаланып, әскери наградаларға ұсынылған болса да, түрлі себептермен ала алмағандар аз емес. «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылған Отан соғысы ардагері – Әбдіраман ақсақалдың ұлы Ахметтің де тағдыры осылай. 
 — Біз ол жерге орден-медаль алуға барғанымыз жоқ қой, — деп қысқа қайырды ардагеріміз. — Отан алдындағы борышымызды адал орындадық деп білемін. Әскерден аман оралып, бүгінгі күнде тәуелсіз еліміздің көркейіп, дамуына бір кісілік үлесімізді қосып жүрген жайымыз бар. 
Иә, Ахмет елге оралған соң ЖОО-да білім алуын жалғастырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Келес аудандық байланыс торабында инженер, аға инженер қызметтерін атқарды. Ташкенттегі институттың әскери кафедрасын оқып бітірген оған мектепте балаларға тәрбие беруге ұсыныс түседі. Кәсібін өзгертуге бел буған Ахметке енді М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бастапқы әскери дайындық және дене тәрбиесі мұғалімі мамандығы бойынша білімін жетілдіруге тура келеді. 
Жұмабековтың ұстаздық жолы Абай ауылындағы № 13 кәсіптік техникалық мектебінде өндірісте оқыту шебері болудан басталды. Ал, 1998 – 2006 жылдарда осы мектепте директордың оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары болды. Кейінгі алты жылда білікті маманға Сарыағаш ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімін басқару міндеті тапсырылды. Еңбек жолында Ахмет Әбдіраманұлы «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ауданның білім бөлімі басшысының орынбасары, «Транстелеком» АҚ Шымкент филиалына қарасты Сарыағаш бөлімінде ІТ инженері сияқты бірнеше жауапты қызметтерде болды. Білім алудың адамзатқа өмір бойы қажет екенін түсінген ол елу жастан асқанда өзі оқыған университетте ІТ инженері мамандығын игеріп шыққанын айта кеткен жөн. 
Бүгінде Түркістан облысы Ауғанстан және жер-жердегі соғыс ардагерлері Одағының төрағасы, запастағы капитан Ахмет Жұмабеков әлі де қоғамдық жұмыстардың ортасында жүр. Ардақты ардагерге зор денсаулық, әрқандай бастамаларына сәттілік тілейміз.
 

128 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы