• Шаңырақ
  • 25 Сәуір, 2024

Апат айтып келмейді

Табиғи апат Абай облысын да айналып өткен жоқ. Әсіресе, Аягөз ауданы тұрғындарына біраз қолайсыздық тудырды. Өңірде орын алған төтенше жағдайды білу үшін Мамырсу ауылдық округінің әкімі Тілеукен Алжикеевке хабарласқан едік. Ол төмендегі мәліметтерді берді:

 Минәмжан АСИМОВ,
 «Uiğur avazi»

 — Мамырсу ауылында 14 наурыз күні төтенше жағдай орын алып, ауылдың жоғары жағында жиналған қарғын су арнасын бұзды. Шоқан Уәлиханов көшесі бойындағы арыққа су сыймай, көшеге жайылды. Төтенше жағдай мекемесімен бірге шұғыл түрде қимылдап, тасқын суды арнасына салдық. Бұған кәсіпкер Қанат Оспановтың погрузчигі мен “Су” мекемесінің тракторы және он шақты адам жұмылдырылды.
Ауылдағы балалар ойын алаңы, С.Ғаббасов атындағы орта мектеп пен “Нұрсая” балабақшасы, Мәдениет үйі мен мешіттің маңайындағы және кейбір көшелердегі үйілген қарлар тазартылды. Бір аптадан соң Уәлиханов көшесінде қарғын су қайта молайып, бір үйдің ауласына су кірді. Ауданнан техникалар келіп, судың жолына топырақ үйіп, өз арнасына бұрдық. 
Аягөз өзенінің су деңгейі көтеріліп, аудан әкімінің көмегімен қарғын судың алдын алу шаралары жүргізілді. «Су» коммуналдық мекемесінің техникалары жұмылдырылып, өзен жағалауына дамбы жасау жұмыстары жүргізілді. Алпыстан астам ауыл тұрғындары қолдарына күрек алып, топырақ толтырылған қаптармен бекітті. Ауыл азаматы, «Теміржол Су Аягөз» ЖШС директоры Бауыржан Үмбетов погрузчик берсе, ауыл жанашыры Бекмұхамет Құлманов, Ақалай Азибаев, Асылбек Қазбаланов, Талғат Қомаевтар өз көліктерімен өзеннің қалған арнасын бекітуге көмектесті. Қарғын су Бозай елдімекеніне қатынайтын жолдағы көпірдің бір бөлігін ағызып әкетті. Апаттан кейін қатынас орнатылып, ауданнан ажырап қалған ағайынға демеу бердік, мүмкіндігінше көмек жасадық. Бозайлықтарға азық-түлік пен қажетті құрал-жабдықтар ТЖ бөлімінің көмегімен жеткізіліп тұрды. 
 28 наурыз күні Мамырсу ауылында өлкенің жағалауын бекіту жалғастырылды. Бұл жұмыстарға аудандық Дэу-25 және «Су» мекемелерінің техникалары жұмылдырылды. Оқиға орнына келген Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жағдайды өз көзімен көріп, жан-жақты қолдау көрсететіндігін айтты.


 Аягөз ауданында еріктілер гуманитарлық көмек жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алды. Олар Жастар ресурстық орталығының және облыстық “Жастар рухы” қанатының бастамасымен, Мамырсу ауылдық округінің Бозай елді мекеніне, Қарағаш ауылдық округінде жоғалған кісілерді іздестірумен айналысып жүрген азаматтарға азық-түлік пен керекті дәрі-дәрмектер жеткізді. Аудан әкімі Қанат Әділбай Аягөз өзенін қайықпен өтіп, арғы жағалауда қалған Бозай жұртымен кездесті. Кездесу барысында халықтың ой-пікірі мен тілектерін тыңдап, болған жағдайға орай мәселені шешудің жолдарын айтты. Әкім бес күннен кейін аудандық ішкі істер бөлімінің, төтенше жағдайлар бөлімінің басшылары, аудандық аурухананың бас дәрігері, «Аманат» партиясының төрағаларымен бірге Бозай елдімекеніне қайта келіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. 
Бозай елдімекеніне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Нұртай Сабильянов та ат басын тіреп, мән-жайды өз көзімен көрді. Бозайлықтар өздерінің көкейкесті мәселелерін халық қалаулысына жеткізіп, алғысын айтты.
Мамырсу ауылының бетке ұстар азаматы, кәсіпкер, жаны жомарт Қанат Рысбекұлы мен Жайқ Аманкелдіұлы Бозайдағы 64 отбасына арнап азық-түлік жеткізіп бергенін айта кеткен жөн. Тасқыннан зардап шеккендерге облыстан да гуманитарлық көмек келді. Абай облысының кәсіпкерлері, «Мұздыбай» шаруа қожалығы (басшысы Талғат Бимурзин) мен Приречное ауылының қарапайым тұрғындары көмек қолын созды. Легімен келіп жеткен азық-түлік, киім-кешек және басқа тұрмысқа қажетті заттар елді мекенге ескі айналма жолмен жеткізілді. Қазір Бозайдағы жағдай бір қалыпты».
 «Күш – бірлікте» деген рас сөз. Табиғаттың дүлей күшіне төтеп беру үшін осындай мықты ынтымақ керек. Округ әкімі Тілеукен Тілеубердіұлы қиын-қыстау кезеңде мамырсулықтар мен бозайлықтарға ерекше көңіл бөліп, ауданның әлеуеті болған мекемелердегі техникаларды жұмылдырып, төтенше жағдайда алапат ауыртпашылықты еңсеруге көмектескен, жұртпен бірге жүрген аудан басшысына, аудандық мәслихат төрағасына, аудандық Төтенше жағдай бөліміне, «Аманат» партиясының аудандық Жастар орталығына басылым арқылы жұртшылықтың ерекше алғысын жеткізгісі келеді.

 Аягөз ауданы,
 Абай облысы

18 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы