• Шаңырақ
  • 25 Сәуір, 2024

Ер атағын ел сақтар

Сайрам тұрғын ауданының орталығындағы «Белгісіз солдат» монументінің аумағында қайта жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Оны екі жылдан бері жергілікті ауған соғысы ардагерлері қолға алған екен. Көктем келуімен аз уақыттың ішінде аула қайта қоршалып, алаң ретке келтірілді. 

Минәмжан АСИМОВ,
«Uiğur avazi»

Бұл жерде Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан Кеңес одағының батырлары Ботабай Садықов пен Зиямат Үсеновтің де тас мүсіндері бой көтерген. Екіншісі, сондай-ақ, Болгария Республикасының да батыры екендігі тарихтан белгілі. Қазір жаңадан боялған батырлар ескерткіштері бірден көз тартады. Шымкент қаласынан келген шеберлер кіреберістің сол жағындағы керегеге осы соғыстардан мәлімет беретін көркем көріністі жасап шықты. 
— Сайрам тұрғын ауданында 72 ауған соғысының ардагері бар. Одан бөлек Таулы Қарабақта, Тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген жігіттер де аз емес. Біз бәріміз жиналып, «Белгісіз солдат» ескерткішін қайта қалпына келтіріп отырмыз, — дейді қарт ардагер Мухиддин Диқанбаев. – Барлық жұмыстарды өз еркімізбен іске асырып келеміз. Бала-шағаларымыз, кімнің қолы босай қалса, осында келіп, көмектесуге тырысып жүр. 
Шындығында да, татулығы жарасқан сайрамдықтар біреуі техника жағынан көмектесіп, екіншісі қажетті құрылыс материалдарын беріп жатса, аты-жөндерін көрсеткісі келмеген, қаржылай көмек ұсынған азаматтар да баршылық екен. Сондай жомарт жандардың бірі 500 текше метр тас төсенішті тегін бергендігінен хабардар болдық. Тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыруға бағытталған «Қасиетті мекен» апталығында адам күші де біраз көбейе бастапты. Осы істің басы-қасында жүрген, ауған соғысы ардагерлері ұйымының жетекшісі, екінші топтағы мүгедек Диханбай Мамарасуловтың еңбегін атап өткен жөн.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген дана сөз бар. «Белгісіз солдат» монументін қайта жөндеу жұмыстары 9-мамырға дейін аяқталып, Жеңіс күнін Сайрам жұрты осы жерде атап өтпекші.
 

21 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы