• Шаңырақ
  • 20 Наурыз, 2024

Он күн ойдағыдай өтуде

Көрісу күні наурыз айының дәл ортасы саналады. Жетісу облысында Наурыз мейрамы осы Көрісу күнінен басталды. Аймақтағы Наурызнама жоспарына сәйкес белгіленген шаралар турасында хабарлаған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев: «Наурызнаманың екінші күні – 15 наурыз – «Қайырымдылық күні» деп белгіленді. Бұл күні Қарттар үйіндегі ақсақалдар мен жетім балаларға, көп балалы отбасылар мен мұқтаж жандарға сый-сияпат беріліп, мерекемен құттықтау рәсімі өткізілді», – деді. 
Ол он күн бойы аталып өтілетін шаралардың жоспарын таныстырды. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып белгіленген. Бұл күні облыс орталығындағы «Жастар» спорт сарайында ұлттық рәсімдер көрсетіліп, алғашқы тәй-тәй басқан 50 бүлдіршіннің тұсауы кесілді. 17 наурыз – Шаңырақ күнінде отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған ұзақ жылдар отасқан отбасылардың тәрбиелік фестивалі көрермендердің көңілінен шықты. 18 наурыз – Ұлттық киім күнінде қазақ әйелінің қасиетті кимешегіне арналған көрме, ұлттық киім байқаулары, ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілері көрерменге жол тартты. Кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұлтымыздың киім кию үлгісі, оның тарихы жазылған кітаптар қойылды. 19-наурыз — Жаңару күнінде де атқарылатын шаралар көп болды. Жұрт ақсақалдары жол бастап, бұлақ-бастау көзін ашты. 
 Ал, Жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, көкпар тарту, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды ойындар Ұлттық спорт күнінде өтті. Ал, бүгін 20 наурыз — Ынтымақ күнінде «Наурыз керуені» жүреді. Керуенде жүк артқан түйелерге аттың құлағында ойнаған шабандоздар, ат арбада ілескен халық шерудің көркіне көрік береді. 
Наурыздың 23-іне дейін бірқатар мәдени шаралар белгіленіп отыр. Жыл басы 22 наурыз күні облыс, аудан орталықтары мен ауылдарда киіз үйлер тігіліп, мерекелік көңіл-күй қыза түспекші. Өнерпаздар ән әуелетіп, күй күмбірлетеді. 
Гүлжан ТҰРСЫН.
Жетісу облысы
 

434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы