• Шаңырақ
  • 18 Сәуір, 2024

Мен жазбаймын өлеңді...

Шығармалары таусылмас зердеге айналған Абайды оқу, зерттеу, насихаттау біздің борышымыз. Ол әлемге ортақ дана тұлға. Сондықтан болса керек, өзге ел халықтары да Абайдың мол шығармашылығына қызығады. Осы орайда Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясының, Абай поэмалары мен өлеңдерінің, қарасөздерінің ұйғыр тіліне аударылуы туралы тоқталмақшымыз. Екіншіден, Ұлы ақынның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» тақырыбында ұйғырдың жас қаламгерлері арасында өткен шығармашылық эстафетаның маңыздылығын атап өтеміз.
Негізі «Абай жолы» романы мен Абай шығармалары ұйғыр тіліне қашан аударылған, кімдер аударған. Оған аудармашылардың, зерттеушілердің пікірі қандай болған? Бұрын біз, ұйғыр тілінде Абай еңбектерін мектеп оқулықтарынан, газет-журналдардан ғана оқып, танысқан болсақ, кейінірек «Уйғур авази» басылымында оның қарасөздері үзбей беріле бастады. 
Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының алғашқы екі кітабы ұйғыр тіліне 1960-жылы танымал сатирик-жазушы Ниғмет Мансуров пен Изим Ниғметов аударған екен. Менің бұл сирек кітаптармен танысуыма Қазақстан халық жазушысы Әхмәтжан Һашири ағамыздың көмегі тиді. Марқұм аудармашылардың орасан зор еңбегі ұйғыр оқырмандары үшін таптырмас рухани қазынаға айналды. Жарық көргеніне 60 жылдан асқан бұл кітап әдебиетіміздің алтын қорына енген, және бүкіл қазақстандықтарға маңызы зор мұра болып қалды. 
Шығарманың ұйғыр тіліне аударылған нұсқасында және түпнұсқасын оқығанда, профессор Өмірхан Әбдиманұлы айтқандай, «М.Әуезовтің шығармашылық мұрасы қазақ әдебиеті көлемінде ғана емес, әлемдік әдебиеттің дамуы арнасында сирек, дара құбылыс ретінде бағалауға көз жеткіздік. М.Әуезов жаңашылдығы тар, шектеулі шеңбердегі құбылыс емес, бергісі, шығыс халықтары әдебиеті, арғысы, әлемдік әдебиет көлеміндегі жаңашылдық. Ұлы суреткердің шығармашылық танымының мұншалық қуаттылығы оның өзіне үлгі тұтқан дәстүрінің өміршеңдік қасиетімен үндес. Өз туған халқының және шығыс халықтарының ғасырлар бойғы көркемдік ойларын жаңа шығармашылық әдіс тұрғысынан жете саралап, әрі зерттеушілік, әрі суреткерлік зердемен игерген жазушы заманымыздың озық білгірі. Шығыс пен Батыс, Азия мен Еуропа әдебиеттерінің классикалық дәстүрінен үйрену, оны ұлттық және жалпы адамзаттық дүниетаным негізінде ойшылдықпен еркін меңгеру нәтижесінде ғана ол «Абай жолы» секілді әлемді таңқалдырған ұлы мұра қалдыра алды». Сондықтан, Абайды дүниеге танытқан Мұхтар болса, Мұхтарды дүниеге танытқан Абай деп есептеймін.
 Абайдың шығармаларын алғаш болып тәржімалаған ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ақын және драматург Исмайыл Саттаров еді. Бұл туралы әдебиеттанушы ғалым Махмут Абдурахманов өзінің «Түгүнләр» атты кітабында жазады. «Ескендір», «Масғұт» және «Әзімнің әңгімесі» атты үш поэмасы мен 110 өлеңі ұйғыр тілінде 1987 жылы жарық көрген. Ақын туындыларын Һезим Бәхниязов, Долқун Ясенов, Махмут Абдурахманов, Савутжан Мәмәтқулов, Илахун Һошуров, Абдумежит Дөләтов және Илахун Жәлилов сынды қаламгерлер аударған. Мектебімізде көп жылдар бойы қызмет еткен марқұм ұстаз Нур атамыз сақтаған туынды қазір әріптес апайым Гульмира Масимованың кітап сөресінен орын алған.
Ұлы дала философының аудармаларын іздеу барысында ғақлия сөздерін де назардан тыс қалдырмадық. А.Құнанбайұлының 45 қарасөзін талантты ақын, марқұм Абдукерим Ғаниев аударған екен. Бұл еңбек ұлы дала философының туғанына 150 жыл толуына орай жарық көріпті. Қара сөздер туралы профессор Алимжан Һәмраев былай дейді: «Абайдың қара сөздері «Хақты» танудың бірден-бір айқын мысалы. Бұл шығыстық мұсылман дәстүріне тікелей барып тірелетін ерекшелік. «Хақты» тану ілімі ислами кемелдікке жету жолымен ұштасып, бірлесіп кеткен. Абай «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа» деп ой түйді. Жүректі пәк, таза қалпында ұстауға үндеді. Бұл сенім бойынша адам өзінің таза жүрегіне өшпенділік ұрығын егуге мүлде болмайды. Абайдың көзқарасы бойынша, мына дүние, адамзат махаббатпен көмкерілсе, онда адамға ғашықтық пен сүюден басқа жол жоқ, онсыз өмірдің мәні болмайды».
Ойшыл-ақынның мол мұрасының әсері жас ұйғыр қаламгерлерінің шығармаларында да орын алып, оның поэзиясына еліктеген өлеңдер жазылды. Вильям Молотов, Дилфуза Розиева және осы жолдардың авторы қалам тербеп, баспасөзде жариялады. Өлең құдіретіне терең үңілген ұлы ақынның жолын жастар да жақсы түсінгені осыдан байқалады. 
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
– деген шумақтардан медет алған В.Молотов ақынға төмендегідей еліктейді:
 «Язмидим шеирни әрмәк үчүн, 
Шөһрәттин йә кәйпә сүрмәк үчүн. 
Язимән иҗатниң қайнимида, 
Күчүмни бир синап көрмәк үчүн».
(Аудармасы:
«Жазбадым өлеңді ермек үшін,
Абройдан не ләззат сүрмек үшін.
Жазамын өнердің мухитында,
Күшімді бір сынап көрмек үшін».)
Республикалық Ұйғыр мәдениет орталығы ұйымдастырған «Қазақ және ұйғыр ғылыми және әдеби байланыстарының заманауи аспектілері» атты онлайн-семинарда да ақын шығармашылығы туралы сөз болды. Орталық төрағасы Шаһимәрдан Нурумов, «Уйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Әсмәтов, филология ғылымдарының докторы Гүлжахан Орда, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы және басқалар Абай шығармаларының өміршеңдігі туралы пікір білдіріп, қазіргі қоғамда оның мұрасын кеңінен насихаттау, өсиеттерін ұрпақ жүрегіне сіңірудің маңыздылығын айтып өтті. 

Абдулжан АЗНИБАҚИЕВ

766 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы