• Шаңырақ
  • 28 Наурыз, 2024

Сатириктен сарқыт

Қоғамда елді елеңдететін келеңсіз мәселелерді әркім әртүрлі айтып, талдап жатады. Осындайда халықтың сөзін сөйлеп, саяси жүйенің теріс тұстарын әшкерелейтін, сын айтып, пікір білдіретін, әжуалап жеткізетін, жеңіл соққымен қатты құлататын қару керек-ақ. Бұл – сатира. Себебі, «Сатира – күштілер қаруы». Сатириктердің күштілігі сондай, билік өкілдері болсын, сот қызметкері болсын, қорықпай сынай алады. Қарқынды белең алып жатқан парақорлыққа қарсы күресте сатираның алатын орны ерекше. Оған келтіретін мысалдар бар:
Депутат дауыс жинарда 
                                 шынығады,
Мәжіліс отырысында 
                                 тынығады.
***
Қазы да қазы жегісі келеді.
***
Сана жеңбегенді, 
                             пара жеңеді.
***
 «Әкім біледі» деген өседі,
«Өзім білем» деген өшеді.
Бір жағынан күлкілі, екінші жағынан өмір шындығы. 
Белгілі журналист, жазушы-сатирик Ермахан Шайхыұлының қаламына тән жазбалардағы нысандар тек қазақ қоғамында ғана емес, бүкіл әлемде табылады. Қай елде, қай тілде қолдансаң да жарай береді. Түрік тіліне аударылып, Анкара қаласында жарық көрген «Karım pazarda» («Әйелім базарда») атты кітабы сөзімізге дәлел. Күні кеше ғана «Güncel Sanat» журналында да біраз сатиралық туындыларының басылуы бауырлас елдің оқырмандарын одан әрі қызықтыратыны хақ. 
Қазақ сатирасының сардары – Темірбек Қожакеевтен дәріс алып, сатира атты қаруды асынып жүрген қаламгердің жатып ататыны қауіпті. Баспасөзде «Жатыпатар» атты бет ашып, біраз шенеуніктерді тұзбен «жаралағаны» рас. Тұздалған оқ тисе ашитыны бар. Журналист-студенттер тұратын үйдегі қызық оқиғалар «5 жатақхана» атты тағы бір сатиралық беттің өнімдері.
Өз шығармашылық өмірінің отыз жылында Ермаханның жүздеген сатиралық туындылары оқырман көңілінен шығып келеді және шыға бермек. Оның он алты кітабы жарық көріп, шығармашылығы еліміздің ірі қаламгерлері, әжуа және күлкі жанрының майталмандары тарапынан жоғары бағаға ие болып үлгергеніне біз куәміз. Бауыржан Омаров, Нұртөре Жүсіп, Ғаббас Қабышұлы, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлы, Мұхтар Шерім, Серікқали Мұқаш және басқалар Ермаханның ерекше қасиетін елге таныстырды. 
Ермахан Шайхыұлының публицистикалық мақа­лалары елден ерекше, көңілге қонымды, таңдаған тақырыптары біраз қаламгерлер үшін сабақ болатыны сыр емес. «Аққудың сыңары» атты кітабын оқыған кісі өмірден өткен қазақ зиялыларының жұбайларының отбасы, тұрмысы, бірге өткізген күндері жайлы әңгімелерінен әсер алатыны сөзсіз. Ал «Ағынан жарылсақ...» кітабына баспасөзде жарияланған елуге тарта сұхбаттары енген. Бұл еңбектерінің бәрі дерлік оның әу баста редакторлық еткен «Бикеш», «50х50» басылымдарында, кейінірек «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде істеген қызметінің жемісі. Жүрген жерінде күлкі ерте жүретін автордың «Ауыз тие отырыңыз», «Бір түрлі кітап», «Мынауың жынды екен», «Жұрт айтады», «Атақты айтқыштар», «Сандалған сауал» атты кітаптары да оқырманын бей-жай қалдырмайды. Тек басы бір әріптен тұратын жазбалары да әдебиетке жаңаша серпін алып келді. Тіл сындыру үшін қолайлы. 
Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесерге жазушы-журналист Ермахан Шайхының үш еңбегі ұсынылды. Олар жоғарыда аталған «Әйелім базарда», «Медина мәзірі» және «Сатира сарқыты» кітаптары. Профессор, әдебиет сыншысы Қансейіт Әбдезұлы жаңылтпаш жанрына кейінгі кездері көп көңіл бөлінбей қалғанын, бұл бос орынды Ермаханның «Медина мәзірі» атты кітабы жабатынын айтты. Ал, он бір бөлімнен тұратын соңғы туынды сатира жанрына қызығатын әрбір оқырман үшін пайдасы зор. Онда зерттеліп, зерделенген қазіргі қазақ сатирасының тарихы, жетістіктері мен кемшіліктері, жанрлары туралы сөз болады. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы Сатира бөлімінің жетекшісі ретінде әдеби жыл қор­тындысында жасалған баяндамалары, сұхбаттар, түрлі пародия, эпиграммалар, замандас қалам­герлерінің автор туралы қызық әзілдері мен естеліктері енген. 


Есте жоқты айтып, есіңде қалдыратын Ерекең екеуіміз бір ғылыми конференцияда қатар отырдық. Трибунаға шығып сөйлеп жатқан Камал Ысмаилов баспасөзде жарияланған Шерағаң екеуінің хаттары туралы айтып, «Қазіргі жастар оқымайды, ал, қайсың оқыдың?» деп көпшілікке қарады. Мен Ермаханға бұрылып: «Сен оқыдың ба?» деймін.
—    Оқиын деп жүрмін, — деп лезде жауап берді ол.
Досымыз Бекжан Сүлейменов бір үлкен отельге директор болып, біраз курстастарды жинады. Кеш көңілді өтіп, біразымыз сол жерде жатып қалдық. Түннің бір кезінде тойынып алған Бекеңнің бір қонағы залды дүркіретіп, дауыс көтеріп ұйқы берсін бе? Сонда Ерекең номерден атып шығып:
—     Ойбү-ү, осы сіз 5 жатақханаға керек-ақ екенсіз, — деп жұбатқаны бар. 

 


Естеріңізге сала кетейік, Ермахан Шайхыұлы — Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі. Балғабек Қыдырбекұлы, Садықбек Адамбаев атындағы және «Алтын қалам» сыйлықтарының иегері. 

455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы