• Шаңырақ
  • 18 Сәуір, 2024

Ақынның асқақ арманы

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ұйғырдың көрнекті ақыны Иминжан Тохтияровтың таңдамалы жинағының екінші томы «Әй, әй, заман» деген атпен оқырманға жол тартты. Бұған дейін жарық көрген «Асқақ арман» атты І томын ақын өзінің 60 жасқа толуына орай кітапсүйер қауымға ұсынса, бұл том ақындық асқақ арманының ақ жолына алғаш қадам басқанының 40 жыл толуына арналған.
 «Әй, әй, заман» үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге кейінгі жылдары жазылған тың туындылары мен таңдамалы өлеңдері енген. Келесі бөлімде өзге халық ақындарының өлеңдерін ұйғыр тілінде «сөйлеткен» аудармалары жайғасқан. Әнге арнап жазған өлеңдері соңғы бөлімде топталыпты.
 2023 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, ақын Шөмішбай Сариевтің «Дүниені жалт қаратсам деп едім» деген өлеңдер жинағын аударып, ұйғыр халқының назарын өзіне жалт қаратқаны бар. Ал мына кітабында Иминжан Исмайылұлы Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтан, қазақтың танымал ақындары Қадыр Мырзаәліден, Бақыт Беделханнан, Қалқаман Сариннен аударған туындыларына орын беріпті.
 Шөмішбай ақынның жары Жұмагүл Сариева: «Шөмішбайдың кітабы өте сапалы аударылғаны жөнінде қазақ баспасөзы жарыса жазды. Қазақ зиялылары мен ұйғыр халқының көрнекті өнер қайраткерлері кітаптың тұсаукесеріне қатысып, өздерінің жылы лебіздерін айтты. Шөмішбай жырлары талай елдерде аударылып шықса да, бауырлас ұйғыр тіліне аударылып, жарыққа шығуы өте қуанышты жайт. Ұйғыр тіліне қазақ ақындарының ішінен тұтас кітап етіп аударып шығарғаны үшін Иминжан Тохтияровқа шексіз ризашылығымызды білдіреміз», деп алғысын жеткізіпті.
 Иминжанмен сонау 1980 жылдары Шелек аудандық «Еңбек туы – Әмгәк туғи» газеті редакциясында қызметтес болып, ағалы-інілідей болып кеттік. Оның өлеңдерін қазақ тіліне аударып, журналистік міндетімізді де қоса атқардық. Иминжанның бұл кітабына әріптесі – жазушы Авут Масимовқа арнаған «Біз жаққан шырақ» атты менің аударма өлеңімді кіргізгеніне ризамын.
 «Көңілге түрлі ой салар, әсем ән мен тәтті күй», деп ұлы Абай жырламақшы, Иминжанның көптеген өлеңдеріне арнап ән жазылған. Ұйғырдың танымал композиторы «Дәрвишләр» тобының жетекшісі Дилмұрат Бахаровпен бірге жазылған әндері шартарапқа шарықтап, құлақ құрышын қандырғаны да рас. Кейбір ән мәтіндері қазақ тілінде де жазылыпты. Бұл да болса, ақынның мемлекеттік тілді жетік меңгергенінің жемісі болса керек. Мысалы:
«Өзіңменен шаттанамын,
Өзің барда бақ табамын.
Өзіңменен мақтанамын,
Ақ таңдарға аттанамын» — 
деп ана мәртебесін биікке көтеріп, қайырмасында:
«Қайда жүрсем, асыл анам,
Жүрегімде ғанасың.
Адамзаттың ақыл-ойы,
Биік тұлға. Данасың!..» —
деп асқақтата шырқатады.
 Сондай-ақ «Жаса мәңгі, Отаным!», «Қазақ елі», «Туған жер», тағы басқа жоғары дауыста шырқалатын ән мәтіндері нағыз жүректен шыққан өлеңдер.
Ия, ақын өзі жырлағандай:
«Алда асқақ арманымыз бар ғой деп,
Сабыр сақтар салмағымыз бар ғой деп,
Нық қадаммен алға басып келеміз,
Өмірден де алғанымыз, алғанымыз бар ғой деп.
Елесе егер, мәз боламыз балаша,
Елемесе, төреші ел – санасар.
Бағаланса еткен еңбек ел үшін,
Жемісі мол жаз боламыз қаласа!..
демекші, Иминжанға алдағы уақытта да шығармашылық табыс, шабысты шабыт тілеймін. Тек өзі үміт артқан:
«Ертеңгі ұрпақ – оқырмандар тұрақты,
Мұрамыздан от алам деп қуатты,
Тек өшірмей, алаулатса дейміз де,
Біздің жаққан – үкілі үміт – шырақты». 
Лайым солай болғай!

Анарбек БЕРДІБАЕВ,
Қазақстан журналистер 
одағының мүшесі, ақын.

26 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Уйғур авази

21 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ершат Моллахун оғли ӘСМӘТОВ

Редактор блогы